Популярные тэги

Таяу Шығыстағы қақтығыс: аймақ туризмі беделі мен табысынан айырылғалы тұр

Қысы-жазы кісі қарасы үзілмейтін Дубай көшелері қазір жым-жырт. Қатар жағажайлары да бос. Аймақ туризміне құйылған миллиардтар желге ұша ма?


04/03/2026
15:25 60 0

Өңір имиджіне соққы

 

Парсы шығанағындағы араб елдеріне туризм жыл сайын шамамен 367 млрд доллар табыс әкеледі. Алайда АҚШ-Израиль күштері мен Иран арасындағы қақтығыстың ушығуы бұл салаға елеулі соққы болды.  Соның салдарынан соңғы жылдары миллиардтаған инвестиция құйылып, «қауіпсіз әрі жоғары деңгейдегі демалыс аймағы» ретінде қалыптастырылған өңірдің имиджіне қауіп төніп тұр.

 

Ірі әуе тораптарындағы рейстер тоқтатылды. Әлемдегі ең қарбалас халықаралық әуежай саналатын Дубай әуежайының жұмысы да саябырлап тұр. Соның салдарынан ондаған мың жолаушы әуежайларда қалып қойды. Бұл – COVID-19 пандемиясынан бергі әуе қатынасы саласындағы ең ірі дағдарыс.

 

Сапарлар жаппай тоқтатылды

 

Әуе шабуылдары салдарынан әуежай ғана емес, әлемдегі жалғыз жеті жұлдызды қонақ үй – Burj Al Arab та зақымданды. Бұл халықаралық туристердің алаңдаушылығын күшейтті. Былтыр олар Таяу Шығыстағы демалысқа шамамен 194 млрд доллар қаржы жұмсаған.

 

коллаж: RuNews24.ru

 

AirDNA компаниясының мәліметінше, Иранның алғашқы шабуылдарынан кейін сенбі күні Біріккен Араб Әмірліктеріндегі демалыс үйлерін жалға алу броньдарын тоқтату екі еседен аса өсіп, шамамен 8 450 нысанға жеткен. Олардың басым бөлігі – наурыз айына жоспарланған сапарлар.

 

Дубай әкімшілігінің әрекеті

 

Дубайдың туризм басқармасы сейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде келушілердің қауіпсіздігі басты басымдық екенін айтты. Қала билігі бұған дейін де «жаһандық тұрақсыздық кезеңдерін» басқаруда тәжірибесі бар екенін атап өтті.

 

фото: ihg.com

 

Шенеуніктер қаланың халықаралық беделіне нұқсан келтірмеудің барлық амалын жасап жатыр. Апта басында әмірліктегі барлық қонақүйлерге туристерді шығарып жібермеу туралы нұсқау берілді. Ресми хатта қонақүйлерге рейс тоқтауына байланысты елден шыға алмай отырған туристерге тұру мерзімін ұзарту және бұрынғы брондау шарттарын сақтау керектігі ерекше атап көрсетілген.

 

Туризмнің табысы қаншалықты қысқарады?

 

Tourism Economics консалтинг компаниясы мамандарының бағалауынша, қақтығыстың қанша уақытқа созылатынына байланысты биыл Таяу Шығысқа жоспарланған көрсеткіштен 23–38 миллион адам аз баруы мүмкін.

 

Сарапшылар Хелен Макдермотт пен Джесси Смиттің айтуынша, шиеленіс аяқталғаннан кейін де оның психологиялық әсері сақталуы ықтимал. Соның салдарынан туристердің шығыны 34 млрд доллардан 56 млрд долларға дейін азаюы мүмкін деп болжанып отыр.

 

Ал туристік алпауыт TUI компаниясының Германиядағы бөлімшесінің басшысы Бенжамин Якоби туристер жағдайдың тезірек тұрақтануына үміттеніп отырғанын айтты. Бірақ Иран мен АҚШ басшылығының мәлімдемелерін тыңдасақ, аймақта бейбітшілік жақын арада орнай қоймайтын секілді. 

 

Балама бағыттар

 

Еуропадағы лоукостерлердің бірі    Ryanair компаниясының бас директоры Майкл О’Лири Таяу Шығысқа сапарларға сұраныс күрт төмендегенін айтты. Оның сөзінше, соның әсерінен алдағы Пасха мерекесі қарсаңында Португалия, Италия және Грекия сияқты бағыттарға қысқа қашықтықтағы рейстерге сұраныс артқан. Дегенмен ол Таяу Шығыс бұрын да өңірлік тұрақсыздық кезеңдерінен кейін тез қалпына келгенін атап өтті.

 

«Меніңше, бұл ұзаққа созылмайды, сондықтан ұзақ мерзімді үрдіске айналмауы мүмкін. Бірақ бұл жағдай Парсы шығанағына саяхаттаудың қауіпсіздігіне деген сенімге кері әсер еткені анық», – деді ол.

Туристердің араб елдерінен безіне бастауы Азия мен Еуропа арасындағы әуе билеттерінің бағасын күрт қымбаттатты. Өйткені қауіпсіздікті басты орынға қоятын саяхатшылардың сұранысы

 

«Қазір  демалушылар арасында Батыс Жерорта теңізі бағыттарына ауысушылар көбейді», – деді TUI компаниясының өкілі Бенжамин Якоби Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

 

Қазақстандық турагенттер не дейді?

 

Парсы шығанағындағы араб елдеріне жиі саяхаттайтын қазақстандық туристерді де Таяу Шығыстағы қақтығыс көп әуреге салды. Дәл соғыс өрті тұтанар шақта БАӘ мен Қатарға демалысқа аттанғандар, Сауд Арабиясына қажылық сапарға барғандар елге қайта алмай дағдарды. Бүгін қазақстандық дипломаттар мен әуе компанияларының күш жұмылдыруы арқасында туристердің бір тобы Қазақстанға аман-есен оралды. СІМ қызметкерлері қатер аймағында қалып қойған отандастарымызды елге қайтару жұмыстарын әрі қарай жалғастырмақ.

 

Masa media тілшісімен сөйлескен SaparLa Travel туристік компаниясының директоры Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлының айтуынша, Таяу Шығыста шиеленіс басталғалы бері турагенттер демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Өйткені туристердің қауіпсіздігі үшін жауапты болғандықтан, компания өкілдері олармен тұрақты байланысты үзбей, өмірлеріне қауіп төнбеуін қадағалап отыр.

«Туристеріміздің бәрі қонақ үй, тамақпен қамтамасыз етілді. Дубай әзірге тыныш. Тек әуе жолдары жабық, ұшуға тыйым алынбай тұр», – дейді турагент.

 

Маман аймақтағы ахуалдың әрі қарай қалай өрбитінін ешкім болжай алмайтынын, сондықтан туризм саласында жұмыс істейтіндердің бәрі мазасыз күйде екенін айтады. 

 

«14 наурызды қоса алғандағы турлардың бәрі тоқтатылды. Одан кейінгі турлардың тағдыры әзірге белгісіз. Мемлекет тарапынан ұшуға рұқсат етілмесе, наурыз айына жоспарланған саяхаттардың бәрін тоқтатуға тура келеді»,  – дейді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.

 

Көрнекі сурет: ЖИ/masa.media

 

Поделиться

Нет комментариев.

04/03/2026 15:25
60 0

Уведомление