«Табысын жасырады»: алимент төлемейтін әкелерге бақылау күшеюі мүмкін
Қазақстанда алимент төлемейтін ата-аналардың міндетін орындауына бақылауды күшейту ұсынылды.
Депутаттық сауал
Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған Құрылтай депутаты Лариса Лидің айтуынша, депутаттарға балаларын іс жүзінде жалғыз асырап отырған аналар жиі жүгінеді. Олар баланың тамағы, киімі, білімі, емі, тұрғын үй жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдерін өздері өтеп отыр.
«Мүгедектігі бар балалар өсіп жатқан отбасыларға әсіресе қиын. Оларға тұрақты түрде оңалту, медициналық және түзету көмегі қажет. Ал алимент өндіруге қатысты атқарушылық іс жылдарға созылып, қарыз көлемі арта береді. Кейбір жағдайда борышкер ресми құжаттарда ең төменгі табысын көрсеткенімен, іс жүзінде одан әлдеқайда көп ақша табады. Табысы мен мүлкін жасырудың түрлі тәсілдері қолданылады. Соның салдарынан сот шешімі қағаз жүзінде ғана қалып, балаға нақты қаржылай пайдасы тимейді», – деді депутат.
Оның айтуынша, енді мемлекет алимент төлеу міндетінің орындалуын қаншалықты тиімді бақылайтынын және борышкерлердің нақты табысын анықтай ала ма деген мәселені бағалау қажет. Бұл ретте цифрлық платформалар мен басқа да ақпарат көздерін пайдалану ұсынылады.
Алименттен қағылған отбасыларға көмек
Депутат алимент уақытында төленбеген кезеңде баланың және отбасының жағдайын қалай жеңілдетуге болатыны да маңызды мәселе екенін атап өтті.
«Мұндай отбасыларға атаулы қолдау шараларын қарастыруды ұсынамыз. Атап айтқанда, тұрғын үй мен оны жалдау ақысы, коммуналдық шығындар, мектепке дейінгі білім беру, несие жүктемесі мәселелерін шешуге көмектесу қажет. Сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қосымша қолдау шаралары керек», – деді Лариса Ли.
Депутаттың сөзінше, басты мақсат – бала сот шешімімен өзіне тиесілі қаражатты уақытында алып, оны өмірі мен дамуына жұмсай алатындай жағдай жасау.
12:02
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.