Табыс декларациясы: 500 млн теңге тапқан депутат ел реакциясына неге таң?
2024 жылға 528,6 млн теңге қосымша табысын декларациялаған Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев мұнша кіріс қайдан түскенін түсіндірді, деп хабарлайды Masa Media.
«Табысқа қуану керек»
Бүгін Мәжіліс кулуарында тілшілер депутатты сұрақтың астына алды. Барлыбаев депутат болмас бұрын көп жыл бизнеспен айналысқанын, табысты азамат болғанын айтты.
«Шулап жатқандарға таңғалдым. Мен Мәжіліске келгенде тапсырған декларациямен салыстыру керек. Барлығы ашық қой. Оның үстіне мен өмір бойы бизнеспен айналысқан адаммын. Менде бұдан да ірі бизнес түрлері болды, оны сатып жібергенмін. Менің түсінігімше, адамдар табысқа қуануы керек. Ал бізде неге екені белгісіз шу көтерілді. Бәрі айналасындағылардың кедей болғанын қалайды. Өкінішке қарай, бұл дұрыс емес», – дейді депутат.
Барлыбаев декларациялаған 528,6 млн теңге табысқа оның депутат ретінде алатын жалақысы кірмейтінін атап өткен жөн.
Депутаттыққа дейінгі жолы
Барлыбаев – «Ақ жол» партиясының мүшесі. 2016 жылдан бері депутаттық орынды иеленіп келеді.
Еңбек жолын 1900 жылы КСРО Энергетика министрлігі Қазақ жұмыспен жабдықтау басқармасының бас бухгалтерінің тексеру жұмысы жөніндегі орынбасары қызметінен бастаған. 1991 жылы «Байер» фирмасын басқарса, 2002 жылдан бастап Павлодардағы «Сүт» АҚ басқарма төрағасы болған.
2010 жылы – «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы басқарма төрағасының орынбасары, 2011 жылдан бастап «Ақ жол» ҚДП партия Төрағасының экономикалық саясат және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі орынбасары болды.
2016 жылы VI сайланған Мәжіліс депутаты болды. 2021 жылы VII сайланған Мәжілістің құрамына да енді.
Барлыбаевтың әріптестері не дейді?
Мәжілістің тағы бір депутаты Еркін Әбіл әріптесінің пікірімен келіспейді. Ол декларациялардағы күмәнді сомалардың бәрі майшаммен қаралуы керек деп есептейді. Әсіресе, шенеуніктердің әйелдері көрсеткен табыстардың ашықтығы мен негізділігін тексеру қажет дейді депутат.
– Егер ол (мемлекеттік қызметкер - ред.) ешқашан бизнеспен айналыспаса, ешқашан коммерциялық құрылымдарда жұмыс істемесе, оның мұндай пассивті кірісі болуы мүмкін емес. Бірақ кенеттен, күтпеген жерден, ол министр болған кезде, оның жұбайы да ақша таба бастады. Үлкен сұрақ туады. Мен ешкімді кінәлағым келмейді, бірақ бұл кірістердің қайдан келгенін, олардың қаншалықты ашық екенін тексеру керек, – деді депутат.
Шенеуніктердің қалталы ханшайымдары
Бұдан бұрын жазғанымыздай, шенеуніктер арасынан алғашқылардың бірі болып Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин табысын жария етті. Құжаттарға сүйенсек, министрдің отбасы оның жұбайының арқасында шалқып өмір сүріп отырған сыңайлы. Серік Жұманғариннің әйелі Сания Садықова қор нарығында 88,6 млн теңгеден астам табыс тапқан.
Ал Жұманғариннің орынбасары Асaн Дарбаевтың жары – Гүлнұр Дарбаева 2024 жылы шамамен 70 млн теңге табыс тауыпты.
Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев та есеп берді. Ол 2024 жылы Алматы қаласының әкімі қызметін атқарғаны белгілі. Экс-әкім осы уақытта 14 миллион теңге табыс тапқан. Ал оның жұбайы Гүлнар Досаева 2,3 миллиард теңге көлеміндегі кірісті декларациялаған. Ашық дереккөздер мәліметінше, Досаева көпсалалы халықаралық компания – Lancaster Holding-тің тең құрылтайшысы. Сонымен қатар оның бөлшек сауда саласында жұмыс істейтін “G and G Гламур” ЖШС мен “GGonline” ЖШС-да үлестері бар.
Ал СІМ қызметкерлері арасында бұрынғы вице-премьер, қазір Эстониядағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Алтай Көлгіновтің отбасына жұрт назары ерек ауды. Оның жұбайы Жанар Келімбетова 2024 жылы 17 млн теңгеге жуық табыс тапқан.
16:07
48
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.