Swatting: Қазақстанда жалған хабар таратудың жазасы қандай
Елімізде жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Ішкі істер министрлігі мұндай әрекеттің салдары ауыр болатынын ескертіп, азаматтарды жалған ақпарат таратпауға шақырды.
ІІМ мәліметінше, ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны немесе өзге де қауіп-қатер бар екені туралы жалған хабарламалар телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Көп жағдайда мұндай әрекетке өз ісін жай әзіл немесе жұрттың назарын аудару амалы деп қабылдайтын жасөспірімдер барады.
Жалған хабар түскен соң мектептер, ауруханалар мен басқа да мекемелерден адамдар эвакуацияланып, оқиға орнына полиция, құтқарушылар және арнайы қызмет өкілдері жіберіледі. Соның салдарынан жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, шұғыл қызметтердің уақыты мен қомақты қаражаты жұмсалады. Бұл әрекет желіде «сваттинг» (ағыл. swatting, SWAT — Special Weapons And Tactics, «арнайы қару мен тактика») деп аталады.
Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды. Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлі тұлғалар келтірілген залалды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі.
Министрлік мұндай ойланбай жасалған әрекет адамның сотталуына ғана емес, оның отбасына да елеулі қаржылық салмақ түсіруі мүмкін екенін атап өтті.
10:29
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.