Сәулелі ғұмыр: Бақилық болған тұңғыш мүфти жайлы не білеміз
Бүгін Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 86 жасқа қараған шағында өмірден озды.
«Рәтбек хазіретіміз мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде 30-дан астам мешіт салдыруға ықпал етті», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
Мүфтияттың бастауы
Негізі 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қалана бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарихы 1906 жылы Верныйда өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының I құрылтайынан бастау алды. Жиынға 100-ге жуық делегат қатысқан.
Ал 1943 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының алғашқы құрылтайы өтті. Оған Қазақстан делегациясын шейх Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов (1884 – 1953) бастап барды. Құрылтайда Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, төрағасы әрі Бас мүфти болып Ишан Бабахан Абдулмаджидхан (1856 – 1957) сайланды. Қазақстанда қазият құрылып, Шамсутдинов қази болып тағайындалды. Ол 1946 жылдан бастап Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қазақстандағы өкілі, Алматы қаласының имамы қызметін атқарды.
1952 – 72 жылдар аралығында Сәдуақас Ғылмани (1890 – 1972), 1972 – 79 жылдар аралығында Жахия қажы Бейсенбайұлы (1932 – 1997) қази болды. Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 1990 жылға дейін Ташкентте орналасқандықтан және кеңестік саясатқа байланысты Қазақстанның діни-рухани өміріне ықпал ете алған жоқ.
1990 жылғы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Басқарманың тұңғыш төрағасы, бас мүфтиі Рәтбек Нысанбайұлы болды.
Тұңғыш бас мүфти
Рәтбек қажы Нысанбайұлы – Қазақстанда мұсылмандар діни басқармасының құрылуына мұрындық болып, елдегі діни ахуалдың жақсаруына бір кісідей атсалысқан жан. Ол 1975 жылы Ливиядағы университетті үздік тәмамдап, елге оралысымен дінге қызмет етуге білек сыбана кірісіп кетеді. Оның тікелей ұйытқы болуымен Кеңес Одағының тұсында-ақ 68 мешіт бой көтерді.
Араб, ағылшын, неміс тілдерін қоса алғанда жеті тілде еркін сөйлейтін кемеңгер жан басқарма төрағасы қызметіне кіріскен соң діни сауаттылыққа басымдық беріп, кәсіби мамандар дайындау мәселесін қолға алады. 600-ден аса кадр даярлап, ел жастарының Түркия, Мысыр елдерінде білім алуына жол ашқан.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы – 15 шақты кітаптың авторы. Өзінің айтуынша, Өзбекəлі Жəнібековтің ұсынысымен Құранды қазақ тіліне аударған. Кітап 1991 жылы 200 мың данамен тараған.
Қазақ руханиятына елеулі үлес қосқан ақсақал қазір кейінгі жылдары қаласындағы мешітті басқарды.
11:30
29
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.