Сөндірілген гаджеттер күні: әлем цифрлық шумен қалай күресіп жатыр?
5 наурыз – Сөндірілген гаджеттер күні. Атаулы күннің мақсаты қандай?
Атаулы күннің мәні
Смартфондар, планшеттер, компьютерлер, iPod, электронды кітаптар және басқа да гаджеттер – күнделікті тіршілігіміздің ажырамас бөлігі. Олардың қолданысы артқаны соншалық, қазір екі жастың бірі номофобияға («no mobile phone phobia» – «ұялы телефоннан айырылып қаламын ба деген қорқыныш») шалдыққан. Ас ішсе де, оқуға, жұмысқа барса да телефоннан көз алмайтындардың виртуалды тәуелділігін еңсеру үшін әлемде ерекше атаулы күн ойлап табылды. Бұл күн нақты қашан бекітілгені белгісіз, бастама ең алғаш Америкада айтылды ғана мәлім.
Бастапқыда ол интернеттен бас тарту акциясының міндетін атқарды, алайда біраз уақыттан кейін қалта электроникасын толығымен сөндіріп, бір тәулік ішінде Интернет, әлеуметтік желілер, қоңыраулар мен SMS-хабарламаларды қолданбау идеясы туындады.
Өзінің табандылығына күмән келтіретіндер үшін арнайы бағдарлама жасалды, ол қатысушыларға мобильді құрылғыларды өшіру қажеттігін еске салды. Бұл виртуалды өмірге тәуелділікке назар аудартуға арналған күн. Атаулы күннің мәні – құрылғыны өшіріп, шынайы әлемнен ләззат алу, көктемде табиғатқа шығып, қалада серуендеп, жақсы адамдармен әңгімелесуге, жаңа достар табуға, өзіңмен құндылығы ортақ адамдармен жаңа орта құруға болады.
Цифрлық шудан шаршау дәуірі
Мамандар гаджеттер қолданысын шектеуді бір ғана атаулы күнге байламай, цифрлық детоксты өмірге саналы түрде енгізу қажеттігін айтады. Әлеуметтік желілер, қысқа видеолар, мессенджерлер – бәрі үздіксіз ақпарат ағынын тудырады. Мәселе интернеттің бар-жоғында емес, оның тоқтаусыздығында. Лента ешқашан бітпейді, жаңалықтар легі тоқтамайды, ал экраннан алыстау қиындай түседі.
Адамзаттың ақпарат көлемінің көптігінен шаршай бастағанының белгісі – цифрлық детокс демалыс индустриясына дейін жетті: интернетсіз турлар, «off-grid» форматтағы лагерьлер, цифрлық үзіліс бағдарламаларына сұраныс артты.

Мамандардың сөзінше, цифрлық детокс – технологиядан қашу емес. Ол – цифрлық құралдарды саналы түрде шектеу. Бұл идеяның негізінде қарапайым ой жатыр: егер құрал өмірді жеңілдету үшін жасалса, онда ол өмірді толық басқармауы тиіс. Қазіргі жастар үшін толық ажырау мүмкін емес. Оқу платформалары, жұмыс хаттары, банкинг қызметтері – барлығы онлайн форматта. Сондықтан детокс ұғымы абсолютті бас тартуды емес, тепе-теңдікті ұсынады.
Ақпараттық детоксты неден бастаймыз?
Таңертең оянған бойда әлеуметтік желіні тексермеу, кешкі уақытта ұйқыға дейін экранды шектеу немесе бос уақытта автоматты түрде телефонға қол созудың орнына басқа әрекетті таңдау – қарапайым, бірақ әсері бар қадамдар. Кейбір жастар аптаның бір күнін әлеуметтік желісіз өткізуге тырысады, ал енді біреулер хабарламалар дыбысын сөндіріп, тек нақты уақытта ғана гаджеттерді қолданады.
Мұндай тәсілдер ақпарат ағынын толық тоқтатпайды, бірақ оның қарқынын баяулатады. Ең бастысы, технологияны рефлекс түрінде емес, таңдау арқылы пайдалану. Уақыт өте келе адам экран алдында өткізетін сағатын азайтқанда, зейіннің тұрақтанғанын, ойдың жинақталғанын және эмоционалдық тыныштықтың артқанын байқай бастайды. Детокс осы сәтте уақытша тәжірибеден күнделікті мәдениетке айналуы мүмкін.
Адамның миы 10 жылға жасарады
Остиндегі Техас университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу барысында екі апта бойы смартфонда интернетке қолжетімділікті шектеген адамдардың психологиялық жағдайының айтарлықтай жақсарғаны анықталды. Зерттеуге қатысқандардың 91%-ы қысқамерзімді технологиялық детокстан кейін өзін әлдеқайда жақсы сезінген. Тәжірибеге қатысқандардың кейбірі смартфоннан бас тарту антидепрессант қабылдаумен тең әсер бергенін мәлімдеген.
Зерттеуге 18 бен 74 жас аралығындағы 467 қатысушы төрт апта бойы бақыланған. Олар смартфондарын аудио қоңырау шалу мен SMS хабарлама алмасу үшін ғана пайдаланып, интернетке қосылудан бас тартқан. Экспериментке қатысқандардың 71%-ы психикалық денсаулықтың жақсарғанын сезінген, 73%-ы жалпы жағдайының жақсарғанын байқаған. Когнитивті қабілеттердің өсуімен қатар бұл қысқа технологиялық детокс зейіннің жоғарылауы 10 жылға жасарғандай әсер берген.
Қазақ депутаттарының ұсынысы
Халықаралық тәжірибенің оң нәтижелеріне қаныққан қазақстандық депутаттар елімізде 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына және оқушылардың мектепте смартфон пайдалануына тыйым салуды ұсынды. Мәжілісмен Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, Ұлыбритания, Нидерландыда, еліміздегі НЗМ мен БИЛ-де телефон қолданудан бас тарту өз нәтижесін көрсеткен. Шектеудің нәтижесінде оқушылардың өзара қарым-қатынасы жақсарып, оқу үлгерімі артыпты.

«The Independent»-те жарияланған мақалаға сүйенсек, өткен жылы Ұлыбританияның Сент-Олбан қаласындағы 33 мектептің директорлары мен педагогтері ата-аналарға ұжымдық үшбу хат жолдады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің бала психикасына, мінез-құлқына кері әсерін тигізіп жатқанын ашық түсіндіріп, оқушыларға 9-сыныпқа дейін смартфон ұстатпауды өтінді. Қоңыраулар мен хабарламалар үшін интернетке шығу мүмкіндігі жоқ телефондарды пайдалануды ұсынды. Таңғаларлығы, ата-аналардың дені ұтқыр ұсынысты бірден қолдаған. Сөйтіп, бастауыш сыныптар мен 14 жасқа дейінгі оқушыларға смартфон қолдануға тыйым салынды. Арада жарты жыл өткенде мектепке телефон әкелетін 10-11 жастағы балалардың саны 68 пайыздан 7 пайызға азайыпты.
Телефоннан түбегейлі бас тартқан ғалым
Халық қалаулылары гаджетке тәуелділіктен арыла алмай жүрген жастарға белгілі математик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаевті үлгі етеді. Оның телефон қолданудан түбегейлі бас тартқаны біраз адамға белгілі.

Заман талабына айналған гаджетті неліктен қолданбайтынын сұраған кісілерге үнемі: «Маған телефон керек емес. Керек адам өзі тауып алады», – деп қысқа ғана қайырады.
Бірде профессорға отандық телеарна эфирінде қазақстандық кәсіпкерлердің бірі смартфон тарту еткен. Ғалымның есім-сойына бала күнінен қанық болып өскен бизнесмен құрметін осылай білдіргісі келсе керек. Асқар Жұмаділдаев сыйлықты қабылдағанымен, қолданбайтынын ашық айтты.
«Маған бұған дейін бірнеше телефон тарту етті. Бірақ уақытымды ұрлайтындай сезіледі, басымды қатырып жібереді. Сондықтан да бұл байланыс құралын үйдегі жеңгең қолданса, ренжімейсің бе?», - деді ол кәсіпкерге.
Академиктің телефонға келгенде «өз есебі» бары анық. Бәлкім, ғылымдағы көп жетістіктерінің құпиясы цифрлық шудан бойын аулақ ұстауында шығар.
08:31
43
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.