Популярные тэги

Әскери «демеушілік»: Иран Ресей-Украина соғысына қалай дем беріп отыр

Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағалы бері Ираннан 4 млрд доллардың қару-жарағын сатып алған.


14/01/2026
13:05 40 0

 

Иран Ресейге қандай қару-жарақ жеткізді?

 

 

Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқалы Тегеран мен Мәскеудің әскери ынтымақтастығы нығая түсті. 2021 жылдың соңынан бері Ресейдің Ираннан қару-жараққа алуға жұмсаған жалпы шығыны 4 млрд АҚШ долларынан асты (шамамен 0,4 трлн рубль).

 

Bloomberg-тің жазуынша, аталған келісімдер аясында Мәскеу баллистикалық зымырандар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, оқ-дәрілер, сондай-ақ Украинаға қарсы соғыста кеңінен қолданылып жүрген Shahed-136 соққы беруші дрондарын алған.

 

 фото: caliber.az

 

2021 жылдың қазан айынан бастап жер/әуе зымырандары мен  баллистикалық зымырандарды жеткізу жөніндегі келісімшарттар құны шамамен 2,7 миллиард долларды құрайды. Атап айтқанда, Ресейге жүздеген қысқа қашықтықтағы Fath-360 баллистикалық зымырандары, 500-ге жуық өзге де қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымырандар және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен байланысты 200-ге жуық жер-әуе зымырандары жеткізілген. Сондай-ақ, Bloomberg дерегінше, Иран миллиондаған оқ-дәрілер мен артиллериялық снарядтар берген.

 

Тегеран мен Мәскеудің алыс-берісі мұнымен тоқтамайды – тағы да қосымша жабдықтар жеткізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар Иран 2023 жылдың басында қол қойылған 1,75 миллиард долларлық келісімшарт бойынша Ресейдің «Герань-2» деп аталатын ішкі өндірісін құруға мүмкіндік беретін технологиялар ұсынған.  

 

Таяу Шығыс пен Еуропа қауіпсіздігіне қатер

 

Бұл деректер халықаралық санкциялар мен Ресейге қару жеткізуге қойылған шектеулерге қарамастан, Мәскеу мен Тегеран арасындағы әскери ынтымақтастықтың ауқымды әрі жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді.

 

Ираннан Ресейге қару жеткізілуі халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырып отыр. Мұндай әрекеттер қарудың таралуын бақылау режимдерін бұзып, Украинадағы қақтығыстың одан әрі ушығуына ықпал етуі мүмкін. Сарапшылар сондай-ақ бұл әріптестік Мәскеу мен Тегеранның стратегиялық байланыстарын күшейтіп, Таяу Шығыс пен Еуропадағы өңірлік қауіпсіздікке ұзақ мерзімді қатер төндіретінін ескертеді.

 

Сауда-экономикалық байланыстар

 

Әскери ынтымақтастықтан бөлек, Ресей мен Иран 2025 жылдың қаңтарында екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуді көздейтін стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған. Екі елдің тауар айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша 8%-ға өсті, бұл байланыстардың дами түскенін көрсетеді. Ынтымақтастыққа серіктестіктің ұзақ мерзімді сипаты, сондай-ақ өткен жылдың мамыр айында күшіне енген Иран мен ЕАЭО арасындағы еркін сауда туралы толықметражды келісім серпін берген.

 

Саясаттанушылардың айтуынша, Ресей мен Иранның сауда-экономикалық байланыстарының стратегиялық факторы – Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі болып табылады, ол Ресейді Иранмен және одан әрі Үндістанмен байланыстырады, Суэц каналы арқылы өтетін маршрутпен салыстырғанда тасымалдау құны мен мерзімін төмендетеді.

 

Сондай-ақ, Ресей Иранның энергетикалық жобаларына, соның ішінде «Бушер»  атом электр станциясының құрылысына да қатысады.

 

Ирандағы наразылық

 

Ирандағы 2025 жылғы 28 желтоқсаннан бері наразылықтар басылмай тұр. Халық ұлттық валютаның құнсызданып, бағаның көтерілуіне наразылық білдіруде. Жыл аяғында 1 доллар құны 1,42 млн риалға жеткен. Алғашында акциялар бағаның өсуіне байланысты басталғанымен, көп ұзамай саяси сипат алып, үкіметке қарсы кең ауқымды наразылықтарға ұласты.

 

 

Бұдан бұрын елдегі ереуілшілер саны 30 млн адамға жеткені хабарланған. Ал қаза тапқандар саны 2 мыңға жетті дейді бейресми дерек көздері. Ал ресми деректер бойынша, наразылықтар кезінде 500-ден аса адам қаза тапты.

 

Иранда қазір байланыстың барлық түрі өшірілген.

 

Трамптың құқайы

 

Күні кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен байланыс орнатқан елдерге қосымша баж салығын енгізетінін мәлімдеді.

 

 

 «Бүгіннен бастап Иран Ислам Республикасымен кәсіп жүргізетін кез келген ел АҚШ-пен іскерлік операциясы үшін 25% көлемінде баж салығын төлейді. Жарлық өзгермейді, бұлжытпай орындалады», – деп жазды ол желідегі парақшасында.

 

Ақ үй басшысы билікке екінші мәрте келгелі бері қысым көрсету әдісі ретінде қосымша тарифтер енгізуді жиі қолданып жүр. Сауда соғысы барысында оның баж салығын бірнеше есе өсіріп жібере алатынына мемлекеттердің көзі жетті. Десе де, АҚШ басшысы ескерту нақты қай елдерге бағытталғанын айтқан жоқ.

 

Поделиться

Нет комментариев.

14/01/2026 13:05
40 0

Уведомление