Популярные тэги

Ширыққан шерентиң: балалардың суретін желіде оңды-солды көрсету неге қауіпті

Көп ата-ана әлеуметтік желіге балаларының суретін жариялауды әдетке айналдырған. Отбасылық таспаларды көпшілікке жөн-жосықсыз көрсете берудің қандай қаупі барын маманнан сұрап көрдік.


13/01/2026
16:33 49 0

«Жалаңаштанған» балалар

 

Клиникалық балалар психологы Әсем Ілесбайдың айтуынша, балалардың суретін желіге оңды-солды жариялаудың психологиялық, қауіпсіздік және жеке шекараға қатысты салдары бар.

 

«Маман ретінде үнемі балалармен жұмыс істегеннен кейін біз оларды сурет немесе видеоға түсіру үшін ата-аналарының рұқсатын алып, алдын ала келісімшарт жасаймыз. Бұл дамыған елдерде бұрыннан бар тәжірибе, Қазақстанда да қолданыла бастады.

 

Ата-ана мүмкіндігінше баласының фотосын желіге салмағаны жөн. Өйткені, біріншіден, баланың жеке шекарасы бұзылады. Ол өзінің ерекшеліктері, қызығушылықтары туралы мәліметті бөтеннің аузынан естігенде өзін жұрт алдында тыр жалаңаш шешіндіріп тастағандай сезінуі мүмкін», – дейді психолог.

Фото: Instagram 

Педофилдердің құрығына ілінетін бүлдіршіндер

 

Маман елдегі педофилия мәселесіне де қатты алаңдаулы.

 

«Екіншіден, Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары азаймай тұр. Бізде АҚШ-тағыдай педофилдердің тізімі тіркелген портал жоқ. Баланың суретінде оның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болса, жат пиғылды адамдар оны өз мақсатына пайдалануы мүмкін.

 

Педофилдер балаларға қатысты жымысқы ойын бір күнде жүзеге асырмайтыны белгілі. Әбден зерттейді. Өзін фотоға түсіруге рұқсат бермейтін бүлдіршіндер әдетте батыл, талапшыл келеді. Мұндай балалар көп жағдайда өзін қорғай алады. Ал өзіне ұнамаса да, суретке түсіруге қарсылық білдіре алмайтын балалар көбіне әлжуаз болады. Мұндай бүлдіршіндердің педофилдердің құрығына іліну қаупі жоғары. Сондықтан оларға өз құқығы жайлы үнемі айтып отыру керек», – дейді Әсем Ілесбай.

Батыстағыдай қатаң тыйым керек пе?

 

Психолог АҚШ, Еуропа елдерінде балалардың деректеріне қатысты радикалды талаптардың енгізілуін құптарлық шешім деп есептейді.

 

«Олар баланың қауіпсіздігін бірінші орынға қояды. Өкінішке қарай, бізде адамның жеке деректерінің қорғалуы көңіл көншітпейді. Қоғамда балалардың фото-видеосын ата-ана рұқсатынсыз заңсыз пайдалану деректері көбейді. Мысалы, бүлдіршіндердің қандай да бір қылықтары Tiktok желісіне жариялайды. Оны өз отандастарымыз да, шетелдіктер де жаппай бөлісіп жатады. Яғни, бала жайлы ақпарат қаншама адамның қолына түседі деген сөз. Олар бұл контентті кез келген мақсатта қолдануы мүмкін.

 

Балаларды рұқсатсыз суретке түсіруге болмайтынын, қоғамдық орындарда объективке кездейсоқ ілінген баланың бетін ашық көрсетуге болмайтынын халықтың санасына сіңіру керек. Егер ата-анасы баласының қалауына қарамай, оның суретін желіге жариялауды тоқтатпаса, кейін бала да әке-шешесіне, өзге адамдарға дәл сондай қарым-қатынас көрсетеді», – дейді маман.

Жай ғана фото емес, «жаңа мұнай»

 

Балалардың фото және видеосын жариялау олардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, құқықтарын бұзатынын жуырда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те айтқан еді. Оның пікірінше, мұғалімдерді міндетті түрде «рилс» түсіруге, тәрбиелік іс-шараларды таспалауға мәжбүрлеу – дұрыс емес әрі қауіпті.

 

«Ешкім мұғалімді WhatsApp немесе Telegram чаттарын жүргізуге, балалардың қатысуымен рилс пен жазба түсіруге зорламауы тиіс. Егер мұғалім блогер болып, мұндай контентті өз еркімен жасағысы келсе – бұл оның таңдауы, бірақ мәжбүрлеу болмауы керек. Қазір көптеген мектепте тәрбиелік іс-шаралар бойынша міндетті визуалды есеп талап етіледі: фото немесе видео болмаса, жұмыс «атқарылмады» деп саналады. Бұл дұрыс емес. Ата-аналар баласын түсіруге тыйым салуға толық құқылы. Өз мектебімізде мен де баламды рұқсатсыз түсірмеуді талап еткем. Жасанды интеллект заманында балаларға қатысты деректерді жариялау – үлкен тәуекел. Бұл жай ғана сурет емес, құнды мәлімет, «жаңа мұнай», – деді Аймағамбетов.

Оқулыққа заңсыз басылған сурет

 

Фотожурналист, көпбалалы әке Мақсат Құсайынов та балалардың суретін ата-ана келісімінсіз пайдалану – өрескел құқықбұзушылық екенін қоғамда кеңінен түсіндіру керек деп есептейді.

 

 Фото: Facebook

«Жұмыс барысында түсірген суреттерімді Facebook желісіне жариялап отырамын. Арасында өз балаларымның фотосы да бар. Сол суреттерді рұқсатсыз пайдаланушылар аз емес. Мәселен, кезінде «Бөбек» орталығы шығарған «Өзін-өзі тану» оқулығында балаларымның суреті біздің келісімсіз басылды. Оны ауылдағы бауырларымның бірі кездейсоқ көріп қалыпты. Бірден оқулық авторларына хабарластым. Сурет авторы ретінде менің аты-жөнімді енгізгендерін айтып ақталды. Алайда ұлдарымның фотосын заңсыз пайдаланғандарын мойындағысы келмеді. Қаласаң, сотқа бер деді. Сотқа жүгінбек болып, заңгер іздей бастағанымда өздері қайта хабарласты. Шақырды – бардым. Қаламақы ұсынып, балаларыма сый-сыяпат жасап, дауды бейбіт шешейік деді. Келістім. Бірақ көп ұзамай аталған оқулық мектеп бағдарламасынан алынды», – дейді Мақсат Құсайынов.

Буллингке ұшыраған бала

 

Балалардың суреті мен видеосын рұқсатсыз пайдаланудың салдары қандай болатынын ұқтырған оқиғалардың бірі  – Daricorn лақап атымен(нақты есімі – Дариға Нүркеева) танылған блогердің жарнамасына қатысты дау. Ол көшеде өтіп бара жатқан баланы видеоға рұқсатсыз түсіріп, оның «пицца» деген сөзіне бейәдеп сөзбен алмастырып, жарнамалық ролик жариялаған. Видео екі миллионнан астам қаралым жинап, нәтижесінде бала кибербуллинг пен мазаққа ұшыраған.

 

Анасы блогерді сотқа беріп, сот моральдық шығын ретінде 500 мың теңге төлеуді, кешірім сұрауды және сот шығындарын өтеуді міндеттеді. Желіде хейттің астында қалған блогер қазақстандықтардың алдында құқығы бұзылған бала мен оның анасынан кешірім сұрауға мәжбүр болды.'

 

Видеодан скриншот

 

«Бұл мен үшін және барлық қазақстандықтар үшін кішкентай баланы ата-анасының рұқсатынсыз түсіруге болмайтынын ұқтырған үлкен сабақ болды», – деді ол.

Жәбірленген және жәбірлеуші бала

 

Журналистер де ақпарат тарату барысында балалардың құқығына қайшы әрекеттерге барып жатады. Зорлық-зомбылық көрген немесе қылмыстық әрекетке барған баланың фото немесе видеосын БАҚ-та жариялауға болмайтынын естен шығарады.

 

ЮНИСЕФ-тің балалар туралы журналистік материалдарға қатысты этикалық қағидатында: «Егер балаға, оның ағалары мен апаларына, құрдастарына қауіп келтіретін ықтималдық бар болса, материалда оның есімін өзгерту немесе көрсетпеу жеткіліксіз – оны айқындауға мүмкіндік беретін фотосуреттер мен басқа деректі материалдарды жариялауға болмайды» – деп көрсетілген.

 

ҚР ҚК 147-бабы, 4 тармағында: Адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз тарату не өзге де дербес деректердi заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесiнде адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiру – бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады, – деп көрсетілген.

 

Сондай-ақ, қылмыстық, заңбұзушылық әрекетке барған баланың жеке мәліметін ақпарат құралдарында әшкерелеу заңға қайшы. БАҚ туралы заңының 14-бабында: «Әкімшілік және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп күдік келтірілген және (немесе) айып тағылған кәмелетке толмағандар туралы, олардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты таратуға тыйым салынады» деп көрсетілген.

 

Алаяқты байытқан бала 

 

Желідегі балалардың суретін алаяқтар ақша жинау мақсатында да пайдалануы мүмкін. Уортон бизнес мектебінің (АҚШ) профессоры Дебора Смоллдың зерттеуіне сәйкес, біз садақаны қайырымдылық қорынан гөрі нақты бір адамға бергенді жөн көреміз. Ғалымның айтуынша, қайырымдылыққа көбірек ақша жинау үшін адамдардың санасына емес, жүрегіне жол табу керек. 

 

Коллаж: AR

Өкінішке қарай, мұны алаяқтар өз мақсатына жиі пайдаланады. Олар науқас балалардың суреті арқылы аяныш тудырып, «емге» ақша жинайды. Мәселен, 2024 жылы онкологиялық аурумен ауыратын бүлдіршіндердің суреттерін пайдаланып, 32 млн теңгеден астам қаржы жинаған шымкенттік ұсталған еді.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/01/2026 16:33
49 0

Уведомление