Үшінші аптаға ұласқан наразылық: Францияда 71,5 мың адам көшеге шықты

Францияда мұғалім тапшылығы мен мектептердегі оқу жағдайының нашарлығына қарсы оқушылардың наразылығы үшінші аптаға ұласты.


09/10/2026
08:27 0

Reuters-тің жазуынша, 8 қазанда мектептердің жұмысы тоқтатылып,оқушылар тағы көшеге шықты. Елдің ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шеруге 71,5 мың адам қатысқан.

 

Парижде өткен шеру ең ауқымды акцияға айналды. Мұнда 24,5 мың адам жиналып, наразылықтың негізгі орталығы Бастилия алаңы болды. Күннің басым бөлігінде шеру тыныш өтті. Алайда кешке қарай шерушілердің шағын топтары полициямен қақтығысты.

 

Басқа қалаларда да тәртіпсіздіктер тіркелді. Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Бордода белгісіз адамдар полиция бөлімшесіне шабуыл жасап, өрт қоюға әрекеттенген. Сент-Этьенде мектеп тоналса, Тулузада шеруге қатысушылардың бірі мұғалімді ұрып-соққан. Марсельдегі Виктор Гюго атындағы лицейдің мұғалімі де өзіне шабуыл жасалғанын айтып, полицияға арызданған.

 

Полицияның күш қолдануы сынға қалды

 

Оқушылар наразылығы кезінде бірнеше адамның ауыр жарақат алуы Франция полициясының әрекетіне қатысты сын туғызды. Құқық қорғау органдары шамадан тыс күш қолданды деген айыптаулар айтылды.

 

Тур қаласында 16 жастағы жасөспірім бір көзінің көру қабілетінен айырылған. Прокуратураның мәліметінше, оның жарақаты полиция қолданатын LBD құрылғысынан атылған снарядтың тиюінен болуы мүмкін.

 

Ал Ланс қаласында 15 жастағы оқушы полиция гранатасы жарылғаннан кейін қолынан айырылды. Екі оқиғаға да қатысты тергеу жүріп жатыр. Ланстағы оқиғадан кейін Франция Ішкі істер министрлігі мектеп оқушыларының наразылығы кезінде жарылыстан есеңгірететін гранаталарды қолдануды уақытша тоқтатты.

 

Оқушылардың талабы қандай?

 

Наразылықтың үшінші аптасына аяқ басуына мұғалімдердің жетіспеуі, сыныптардың шамадан тыс толуы және мектеп ғимараттарының тозуы себеп болған. Оқушылар мен ұстаздардың айтуынша, қыста сыныптар суық, ал жазда тым ыстық болады.

 

Марсельдегі шеруге Диана Ди Сциулло есімді мұғалім де қосылды. Оның айтуынша, өзі сабақ беретін сыныпта 37 оқушы бар, алайда олардың бәріне бірдей парта мен орындық жетпейді.

«Әр сабақтың басында оқушыларға көрші сыныптарды аралап, бос орындықтар мен парталарды іздеуді тапсыруға мәжбүрмін. Сонда ғана олар сабақты қалыпты жағдайда оқи алады», – деді Диана Ди Сциулло.

Мұғалімнің қолындағы плакатта: «Мен мұғаліммін, ал оқушыларым сабақ үстінде тарақан аулауға көмектеседі» деген жазу болған.

 

Билік қандай уәде берді?

 

Францияның білім министрі Эдуар Жеффре мұғалім тапшылығын азайту үшін мектептерге қосымша педагогтер тартылатынын мәлімдеді. Оқушы жүктемесі жоғары білім беру мекемелерінде сабақ кестесін де қайта қарау жоспарланып отыр.

 

Reuters мәліметінше, Франциядағы жасөспірімдер таңғы сағат 8-ден кешкі 6-ға дейін сабақ оқуы мүмкін.

 

Министр университетке түсуге арналған ұлттық Parcoursup порталын жетілдіру жұмыстары жүріп жатқанын да айтты. Талапкерлер бұл жүйені күрделі әрі психологиялық қысым тудыратын құрал ретінде жиі сынайды.

 

Премьер-министр Себастьян Лекорню қазан айының соңына дейін «нақты, жедел әрі толық қаржыландырылатын шаралар» ұсынылатынын уәде етті. Алайда наразылық қозғалысының жетекшілері бұл мәлімдемені жеткіліксіз деп санап, 13 қазанда қайтадан шеруге шығуға шақырды. Әлеуметтік желілерде 17 қазанда наразылық өткізуге үндеген жазбалар да таралып жатыр.

 

фото: ТАСС

Поделиться

Нет комментариев.

09/10/2026 08:27
0

Уведомление