Шетелдіктерге ЖСН беру тәртібі өзгерді: жеңілдікті кімдер пайдалана алады

Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) электронды түрде алуға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды.


11/11/2026
08:39 0

Енді ЖСН-ді QazETA мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапты қызметтер туралы» заңға негізделген пилоттық жоба 2026 жылғы 9 қарашадан бастап іске қосылды. Ол бір жылға созылады.

 

Шетелдіктерге ЖСН беру және ондағы деректерді түзету қызметін ІІМ көрсетеді. Өтініштер тек QazETA қосымшасы арқылы қабылданады. Ал өтініш берушілердің деректері MAQ көші-қон қызметтерінің цифрлық платформасында өңделеді.

 

Жоба Қазақстанның барлық аумағын қамтиды. Алайда бұл қызметті елде жүрген шетелдіктер ғана пайдалана алады. Өтініш берушінің Қазақстанға кіргені «Бүркіт» ақпараттық жүйесі арқылы тексеріледі. Сонымен қатар өтініш беру кезінде мобильді құрылғының геолокациясын растау қажет.

 

ЖСН өтініш берілген күнді есептемегенде, бір жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Нәтижесін өтініш беруші мобильді қосымшадан көре алады. Онда өтініштің мәртебесі, берілген ЖСН және PDF форматындағы тіркеу куәлігі көрсетіледі.

 

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірленетін куәлікте QR-код болады. Құжат жеке басты куәландыратын құжатпен бірге көрсетілгенде ғана жарамды.

Поделиться

Нет комментариев.

11/11/2026 08:39
0

Уведомление