Шетелдік фильмдерді жаппай қазақша дубляждау ұсынылды
Қазақстанда кең прокатқа шығатын барлық шетелдік фильмді қазақ тіліне дубляждауды міндеттеу ұсынылды.
Осы талапты көздейтін петиция Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды. Петиция авторы «Кинематография туралы» заңға сәйкес, Қазақстанда қазақ тілінен өзге тілде көрсетілетін фильмдер қазақша дубляждалуы, субтитрмен берілуі немесе кадр сыртынан аударылуы керек екенін еске салды. Қазір прокатқа шығарушылар осы үш тәсілдің кез келгенін таңдай алады. Көп жағдайда субтитрмен шектелетіндіктен, қазақша дубляж кинотеатрлардағы қалыпты тәжірибеге айналмай отыр.
Автор заңның 9-бабына өзгеріс енгізуді ұсынады. Оның бастамасы қабылданса, шектеулі прокатқа арналған фильмдерден басқа барлық туынды негізгі прокатпен қатар қазақша дыбысталуы керек. Субтитр мен кадр сыртындағы аудармаға рұқсат беріледі, бірақ олар дубляждың орнын алмастыра алмайды.
«Бұл ұсыныс фильмдерді басқа тілдерде көрсетуге тыйым салмайды. Біздің мақсатымыз – Қазақстан көрермендерінің әлемдік киноны мемлекеттік тілде де толыққанды тамашалауына мүмкіндік жасау», – делінген петицияда.
Петиция авторы қазақша дубляждың табыс әкелетінін дәлел ретінде бірнеше мысал келтіреді. Disney компаниясының «Моана 2» мультфильмінің қазақша нұсқасы небәрі 12 күнде 151 миллион теңгеден астам табыс тауып, Қазақстандағы жалпы кассалық түсімнің 12 пайызына жеткен. Ал «Головоломка 2» мультфильмінің қазақша нұсқасы алғашқы төрт күнде 40 миллион теңгеден астам қаржы жинаған.
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда отандық фильмдердің прокаттағы жалпы түсімі 22 миллиард теңгеден асқан.
Петиция авторының пікірінше, қазақша дубляж міндеттелмесе, кино нарығы тұйық шеңберден шыға алмайды.
«Фильм қазақша дыбысталмаса, қазақ тіліндегі сеанс болмайды. Сеанс болмаса, кассалық түсім де жоқ. Кейін осының өзін сұраныстың жоқтығына дәлел ретінде келтіреді. Бұл шеңберді бұзудың жалғыз жолы – қазақша нұсқаны тұрақты түрде ұсыну», – делінген петицияда.
Қазір ePetition.kz платформасындағы петиция модерациядан өтіп жатыр.
14:36
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.