Шетелдегі қазақстандықтарды консулдық есепке қою тәртібі өзгерді
Қазақстаннан тыс жерде тұрақты немесе уақытша жүрген азаматтарды консулдық есепке қою және есептен шығару тәртібі өзгерді.
Консулдық есеп не үшін қажет?
Консулдық есепке алуды азаматтың жүрген еліндегі Қазақстанның шетелдегі мекемелері өз консулдық округі шегінде жүзеге асырады. Алайда бұл тәртіп шетел азаматтары асырап алған, Қазақстан азаматы саналатын балаларға қолданылмайды.
Шетелдегі қазақстандықтарды есепке қоюдың басты мақсаты – олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік беру.
Сонымен қатар консулдық есеп азаматтарға өздері тұрып жатқан мемлекеттің заңнамасы, Қазақстан мен сол ел қатысатын халықаралық шарттар және халықаралық құқық нормалары аясында берілген құқықтарын жүзеге асыруға жәрдем көрсету үшін жүргізіледі.
Шетелде тұрақты тұратындар қандай құжат өткізеді?
Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратын азамат консулдық есепке тұру үшін шетелдегі Қазақстан мекемесіне жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі оның электрондық нұсқасын ұсынуы керек.
Бұған қоса, Қазақстаннан тұрақты тұру үшін шетелге шығуға қатысты рәсімнің аяқталғанын растайтын құжат қажет. Яғни азаматқа Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кетуге құжаттарды рәсімдеу туралы шешім немесе тұрақты тұру үшін шетелге шығуға рұқсат рәсімделгені жөніндегі хабарлама ұсынылады.
Сондай-ақ шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматына арналған есепке алу карточкасы толтырылады.
Уақытша жүрген азаматтарға қандай құжат керек?
Шетелде уақытша жүрген қазақстандықтар үшін талаптар жеңілірек. Олар жеке басын куәландыратын құжатты немесе оның цифрлық нұсқасын ұсынып, уақытша тұратын Қазақстан азаматтарына арналған есепке алу карточкасын толтыруы қажет.
Бұл санатқа бірнеше топ кіреді. Атап айтқанда:
- Қазақстанның шетелдегі мекемелерінде қызмет ететін азаматтар;
- шетелде уақытша жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар;
- халықаралық ұйымдарда Қазақстанға бөлінген квота бойынша қызмет атқаратындар;
- бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін шетелге жіберілген әскери қызметшілер.
Сонымен бірге шетелде білім алып жүрген студенттер, емделу мақсатында барған азаматтар, туристік немесе жеке сапармен жүргендер де уақытша тұратындар санатына жатады.
Бұл қатарға ұйымдар мен жеке тұлғалардың шақыруымен шетелге барғандар және қызметтік іссапардағы қазақстандықтар да кіреді.
фото: gov.kz
10:31
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.