Семіздікке шалдыққан бала көбейген: Қазақстан фастфуд тұтынуды қалай шектемек
Денсаулық сақтау министрлігі зиянды тағамдарды агрессивті түрде жарнамалауға шектеу қоюға бағытталған жаңа талаптар әзірледі, деп хабарлайды Masa.media.
МИНИСТРЛІК ҰСЫНЫСЫ
Ұсынылып отырған өзгерістер телеарналар мен радиолардағы жарнамаға, сыртқы баннерлерге, сондай-ақ жасөспірімдер жарнамаға, әсіресе блогерлердің ұсыныстарына бейім келетін әлеуметтік желілерге қатысты болмақ. Әңгіме ең алдымен фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен май мөлшері жоғары басқа да азық-түлік өнімдері туралы болып отыр.
Заң шығарушылардың негізгі мақсаты – мұндай жарнаманың өскелең ұрпақтың тамақтану талғамына ықпалын азайту. Сонымен қатар балалардың бойында ерте жастан дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыру көзделіп отыр.
Алайда салауатты әдеттерді қалыптастыру нақты қандай тәсілдер арқылы жүзеге асатыны әзірге айтылған жоқ. Министрліктің қандай нақты талаптар әзірлегені де жарияланбаған.
Ведомство жаңа нормалардың халықаралық стандарттар мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып дайындалғанын хабарлады.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 6-9 жастағы балалардың шамамен 23 пайызында артық салмақ бар, ал 6 пайызында семіздік анықталған. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5 пайыздан астамы энергетикалық сусындарды аптасына кемінде бір рет тұтынады.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарауды тапсырған болатын. Президент зиянды әдеттердің жастардың денсаулығына кері әсер етіп, соның салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақты арттыратынын атап өткен.
Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға қазірдің өзінде тыйым салынған. Бұдан бөлек, мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізілгеніне бір жыл болды. Жаңа талап бойынша ас мәзіріндегі тұз мөлшері азайтылып, көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдерінің үлесі арттырылды.
11:20
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.