Популярные тэги

Сайлауға бес ай қалды: БҰҰ-ның келесі Бас хатшысы кім?

1946 жылдың 1 ақпанында БҰҰ-ның ең алғашқы Бас хатшысы сайланған. Биыл, араға 80 жыл салып, ұйымның оныншы басшысы сайланбақ.


25/02/2026
12:35 47 0

2026 жылдың соңында БҰҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутерриштің өкілеттігі аяқталады. Жаңа басшыны сайлауға дайындық өткен жылдың соңында басталып кетті. Masa media тілшісі мәртебелі ұйымның Бас хатшысы болуға үміттілерді жіпке тізіп, кімнің мүмкіндігі көбірек екенін пайымдап көрді.

Қай аймақтың бәсі басым?

БҰҰ-ның тоғызыншы Бас хатшысы – Антониу Гутерриш ұйымды 2017 жылдан бері басқарып келеді, екінші мерзімге 2021 жылы баламасыз түрде сайланған болатын. Оның үшінші мәрте сайлауға түсуі жайлы болжам айтылған емес, өйткені бұған дейін ешбір Бас хатшы 10 жылдан артық  қызмет атқармаған.

2025 жылдың қарашасында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясы жаңа Бас хатшыны таңдау үрдісін ресми түрде бастап, бірлескен хат таратты. Биыл бұл лауазымға әйел адам тағайындалуы мүмкін деген болжам бар. Ұйым тарихында бірде-бір әйел Бас хатшы болмаған. Сондықтан әлгі хатта БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге кандидат ретінде ханымдарды ұсыныңдар деп ашық айтылды да.

Сондай-ақ келесі Бас хатшыны таңдауда өңірлік әртүрлілікке көңіл бөлінбек. Гутерриш Батыс Еуропа өкілі болғандықтан, саясаттанушылар жаңа жетекші Латын Америкасы, Шығыс Еуропа немесе Африка мен Азиядан шығуы мүмкін деп пайымдайды. Мамандардың пікірінше, Латын Америкасының мүмкіндіктері жоғары: бұл аймақтан бұрын тек перуандық Хавьер Перес де Куэльяр ғана Бас хатшы болған. Алайда, аймақтық ротация шартты сипатта, ол жарғылық құжаттарда бекітілмеген.

Кандидаттарды кім ұсынады?

Бас хатшы лауазымына кандидатураны ұйымға мүше мемлекеттер ұсынады. Әр мемлекет тек бір үміткерді ғана көрсете алады. Кандидатты ұсыну үшін елдер Қауіпсіздік кеңесінің және Бас Ассамблея төрағаларының атына ресми хат жолдауы тиіс. Ал үміткерлер өз кезегінде БҰҰ-ның дамуы жөніндегі көзқарасын және табыс көздері туралы мәліметті ұсынуы керек. Егер кандидат БҰҰ құрылымында қызмет етсе, мүдделер қақтығысын болдырмау үшін сайлау науқаны кезінде жұмысын уақытша тоқтатуы қажет.

Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, БҰҰ басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – Ресей, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ және Франция мемлекеттері арасынан сайланбайды. Ұйым Жарғысы бойынша бас хатшыны БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сайлайды және Бас Ассамблея бекітеді. Оның өкілеттік мерзімі 5 жыл, ұзартылуы мүмкін. Мерзімге шектеу жоқ, бірақ 80 жыл ішінде ұйымның ешбір басшысы бұл орында 10 жылдан артық отырмаған.

АҚШ кімді қолдауы мүмкін?

Ұйымның келесі Бас хатшысы болуға ниет білдірген бірнеше үміткер бар. Олардың арасында көп қолдауға ие болып отырған адам – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры, аргентиналық дипломат Рафаэль Гросси. Оның кандидатурасын Аргентина үкіметі 2025 жылғы қарашада ресми түрде ұсынды. Гроссиді Италия мен Парагвай да қолдап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, ядролық қауіпсіздік саласындағы жетістіктерімен жаһандық дипломатияда беделін нығайтқан МАГАТЭ басшысының кандидатурасын АҚШ та қолдауы мүмкін. Өйткені Вашингтонға Гроссидің Иранның ядролық бағдарламасына қатысты қатаң ұстанымы ұнайтыны анық. Егер Ақ үй белгілі бір кандидатураны ашық қолдаса, оның бәсі басқалардан басым түсетіні бесенеден белгілі.  Десе де, БҰҰ Бас хатшысын сайлау – Вашингтонның таңдауымен шешіле қоятын жеңіл процесс емес, өзге державалардың ұстанымы да ескеріледі.

Өзге кандидаттар

Бас хатшыны сайлау келесі жылдың шілде айының соңына жоспарланған. Оған дейін кандидаттар қатары арта түсетіні анық. Қазірдің өзінде үміткерлер шоғыры қалыптасып үлгерді. Мәселен, Чили президенті Габриэль Борич 2025 жылы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында елдің бұрынғы президенті Мишель Бачелетті осы лауазымға кандидат ретінде ұсынатынын мәлімдеді. Коста-Рика республикасының экс-вице-президенті, халықаралық ұйымдарда тәжірибесі мол Ребекка Гринспан да өз кандидатурасын ұсынуға дайын. Боливияның вице-президенті Давид Чокеуанка мен Маврикий елінің өкілі Бруно Донат та Бас хатшы лауазымына таласуға ниетті. Бейресми талқылауларда айтылатын тағы бір есім –Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры, болгариялық Кристалина Георгиева. Ол Шығыс Еуропа аймағынан қосылуы мүмкін ықтимал үміткер ретінде аталып жүр.

Саясаттанушылардың көбі БҰҰ тарихында тұңғыш рет бұл қызметті әйел адам иеленуі мүмкін деген пікірде. Мамандардың айтуынша, ықтимал әйел үміткерлер арасында Жаңа Зеландияның бұрынғы премьер-министрі Джасинда Ардерн, Барбадос премьер-министрі Миа Моттли, БҰҰ Бас хатшысының қазіргі орынбасары және нигериялық Амина Мохаммед бар. Бұл ханымдардың әрбірі жаһандық саясатта салмағы бар, тәжірибелі мемлекет және қоғам қайраткерлері.

«Тоқаев – өте мықты фигура»

2025 жылғы қыркүйекте Бас Ассамблея қабылдаған 79/327 резолюциясына сәйкес, Бас хатшы лауазымына үміткерлерді іріктеу кезінде келесі критерийлер ескеріледі: жоғары тиімділік пен кәсіби қабілеттерге сай болу, БҰҰ Жарғысының принциптеріне беріктік, көшбасшылық қасиеттері мен дипломатия, коммуникация саласындағы кәсіби дағдыларға ие болу, бірнеше тілді білу және халықаралық қатынастар саласында үлкен тәжірибесінің болуы.

Бұл талаптарға сай келетін тағы бір ықтимал кандидат ретінде соңғы уақытта халықаралық һәм отандық БАҚ-та Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі жиі атала бастады. Мәселен, былтыр бұл тақырыпты алғашқылардың бірі болып қоғам қайраткері Петр Своик көтерді.

«Тоқаев – барлық дәуірдегі ең жоғары лауазымды қазақ. Мен бас тарту өте қиын болатын ұсыныс Бейжіңде жасалады немесе жасалып қойған деп ойлаймын», – деген еді сарапшы.

Оның айтуынша, саяси салмағы бар Қазақстан басшысының кандидатурасы барлығының, соның ішінде батыс елдерінің де оң жамбасына келеді. Өйткені Қазақстан басшысы ұзақ уақыт БҰҰ құрылымдарында жұмыс істеген, тіпті бас хатшының бірінші орынбасары қызметін де атқарды.

Жуырда ресейлік тарихшы, журналист Алексей Венедиктов те Тоқаев өзінің дипломатиялық тәжірибесі мен елдің геосаяси жағдайына байланысты халықаралық саясатта ерекше орын алатынын айтты.

«Тоқаев – Қытай, Ресей, АҚШ және Түркия арасындағы үлкен алаң. Бұл (Қазақстан - ред.) – экономикалық, аумақтық-географиялық және саяси үлкен мүмкіндіктері бар ұлы ел», – деді ол  RTVI Новости эфирінде.

Журналистің пікірінше, Батыс елдерінде Тоқаевты посткеңестік кеңістікке қарағанда басқаша қабылдайды.

«Егер Тоқаев БҰҰ-ның келесі Бас хатшысы ретінде қаралып жатыр десем, бұған ешкім таңдана қоймайды. Бұл өте мықты фигура. Ол талай жыл дипломат болды, Женевада жұмыс істеді. Америкалықтар оны өте байсалды ойыншы ретінде қарастырады», – дейді Венедиктов.

Президенттің өзі не дейді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында БҰҰ бас хатшысы қызметіне тағайындалу мүмкіндігі жайлы сұраққа жауап берген.

«Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін», – деді Тоқаев.

Алайда бұл мәлімдемесінен кейін бір жылдан аса уақыт өтті. Одан бері жаһандық геосаясат та, ел ішіндегі ахуал да күрделі өзгеріске ұшырады. Әлемдегі аумалы-төкпелі кезеңде өз қауіпсіздігін бекемдей түсу үшін Қазақстан конституциялық реформа жүргізіп, Ата Заңын бастан-аяқ қайта жазып шықты. Ел билігінің негізгі буындары қайта жасақталмақ.

Алда – референдум, одан кейін Құрылтай сайлауы. Ел өмірінің тағдыршешті кезеңінде Тоқаевтың БҰҰ-ға кету ықтималдығына қазақстандықтар күмәнмен қарайды. Десе де, оның есімі Батыс БАҚ-тарында жиі аталуы, халықаралық сарапшылардың Қазақстан басшысының мүмкіндіктерін жоғары бағалауы бекер емес дейді отандық саясаттанушылар. Саясат дейтін үлкен ойынның ережелері мың құбылатынын, кейде тіпті қағида атаулыға бағынбайтынын ескерсек, жаһандық ұйымның келесі басшысы туралы болжамдардың қайсы дәл келерін ешкім дөп басып айта алмайды.

 

Поделиться

Нет комментариев.

25/02/2026 12:35
47 0

Уведомление