Рыбакина WTA қорытынды турниріне қатыспайды: оның рейтингтегі орны өзгере ме
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін WTA қорытынды турнирінен бас тартатынын ресми түрде мәлімдеді.
Ол мұндай шешімге денсаулығына байланысты келген. Алайда теннисші нақты қандай сырқатқа шалдыққанын айтпады.
Жанкүйерлеріне арнаған үндеуінде Рыбакина жарысқа қатыса алмайтынына қатты қынжылатынын жеткізген. Оның айтуынша, биылғы маусым өте сәтті болғанымен, қазіргі физикалық жағдайы жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік бермейді.
Теннисші алдағы бірнеше аптаны үйінде демалып, күш жинауға және 2027 жылғы маусымға дайындалуға арнамақ. Сондай-ақ турнирге қатысатын спортшыларға сәттілік тілеп, наурыз айында Индиан-Уэллске қайта оралуды асыға күтетінін жазған.
Қорытынды турнирден бас тарту Рыбакина үшін былтыр жеңіп алған атағын қорғай алмайды деген сөз. Ол 2025 жылы Эр-Риядта өткен жарыста бірде-бір матчта жеңілмей, турнир чемпионы атанған еді.
2026 жыл қазақстандық теннисші үшін табысты маусымдардың бірі болды. Ол 54 кездесуде жеңіске жетіп, 14 матчта қарсыластарына есе жіберген. Сондай-ақ төрт ірі турнирдің жүлдесін иеленді. Олардың қатарында «Үлкен дулыға» санатындағы Australian Open мен US Open жарыстары, сондай-ақ Штутгарт пен Нинбодағы турнирлер бар.
Дегенмен қорытынды турнирге қатыспауы Рыбакинаның биылғы басты жетістігіне әсер етпейді. Ол 2026 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Теннисші бұл мәртебені қазан айында Токиода өткен жарыстан кейін-ақ қамтамасыз еткен. Сондықтан жыл соңына дейін рейтингтің көшбасшысы орнын ешкімге бермейді.
11:05
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.