Рыбакина – Соболенко текетіресі әлемдік теннистің үздік бәсекесі деп танылды
Халықаралық теннис сарапшылары қазақстандық Елена Рыбакина мен әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко арасындағы бәсеке әйелдер теннисінде ерекше деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Tennis365.com-ға сілтеме жасаған Sports.kz-тің жазуынша, 2026 жылдың басынан бері қос теннисші екі мәрте кездесіп, маусымның алғашқы айларында-ақ Australian Open мен Индиан-Уэллс турнирлерінде жоғары деңгейдегі екі финал сыйлады.
Қаңтар айында өткен Australian Open финалында Рыбакина басым түсіп, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша қазақстандық спортшы Мельбурнде «Үлкен дулыға» санатындағы мансабындағы екінші титулын иеленді.
Алайда наурызда Индиан-Уэллсте өткен шешуші кездесуде Соболенко есесін қайтарды. Беларусь өкілі матчболдан аман қалып, тартысты ойында 3:6, 6:3, 7:6 (6) есебімен жеңіске жетті. Бұл кездесу биылғы маусымдағы ең әсерлі матчтардың бірі ретінде бағаланды.
Финалда жеңіліс тапқанына қарамастан, өткен дүйсенбіде Рыбакина алғаш рет WTA рейтингінде екінші орынға көтерілді. Қазір ол Соболенкомен бірге әлемдік турдың басты фавориттерінің қатарында.
2025 жылдың маусымынан бері қос спортшы алты рет кездесіп, әрқайсысы үш жеңістен еншіледі. Ал жалпы есепте Соболенконың аздаған басымдығы бар — 9:7.
«Қазіргі таңда Рыбакина мен Соболенко арасындағы бәсеке әйелдер теннисіндегі ең үздік қарсыластықтардың бірі саналады. Қазақстандық теннисші төрт дүркін „Үлкен дулыға“ жеңімпазы саналатын қарсыласымен өткен матчтардан мол тәжірибе жинады», — делінген Tennis365.com мақаласында.
Айта кетейік, Арина Соболенко мен Елена Рыбакина биылғы маусымда үшінші рет Майами турнирінің жартылай финалында жолығуы мүмкін. Ол үшін Рыбакина ширек финалда америкалық Джессика Пегуламен кездессе, Соболенко тағы бір АҚШ өкілі Хейли Баптистпен бәсекеге түседі.
Фото: Getty Images
15:22
29
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.