Роналдиньо 11 жылдан кейін алаңға қайта оралды

Бразилия футболының жарық жұлдызы Роналдиньо 11 жылдық үзілістен кейін алғаш рет ресми матчқа қатысты.


16/11/2026
10:24 0

46 жастағы футболшы Италияның үшінші дивизионында өнер көрсететін «Равенна» клубының сапында алаңға шығып, жанкүйерлерге нағыз мереке сыйлады.

 

Ол «Форлиге» қарсы өткен 14-тур ойынында негізгі құрамнан орын алды. Кездесу алаң иелерінің жеңісімен аяқталды – 2:0. Ал «Алтын доп» иегері бірінші таймда команданың гол салуына тікелей үлес қосты.

 

Роналдиньоның алаңға шығуы италиялық шағын қала үшін айтулы оқиғаға айналды. Матч билеттері түгел сатылып, көрермендерге арнап 1800 орындық уақытша трибуна да орнатылды. Кездесуді тамашалауға «Миланның» бұрынғы футболшылары Дида мен Сержиньо да келді.

 

Жанкүйерлер стадионға ойын басталмай тұрып-ақ жиналып, бразилиялық жұлдызды зор қошеметпен қарсы алды. 2002 жылғы әлем чемпионы көрермендерге иіліп сәлем берді. Ал қыздыру жаттығуы кезінде өзінің әйгілі финттерін көрсетіп, жанкүйерлерді бірден баурап алды.

 

Бразилиялық футболшы соңғы ресми кездесуін 2015 жылғы қыркүйекте «Флуминенсе» сапында өткізген еді. Араға 11 жыл салып қайтадан алаңға шығуына «Равенна» президенті Игнацио Чиприанимен достығы себеп болған.

 Бұл – Игнацио Чиприанимен арамыздағы достық пен болашаққа құрған ортақ жоспарларымыздың нәтижесі. Өмірімде ерекше, қайталанбас сәтті бастан өткергім келеді. Бұл күн командадағы өзге футболшылар үшін де есте қаларлық матч сыйласа екен деймін. Солай болғанын қалаймын, – деді Роналдиньо.

 Айта кетейік, Игнацио Чиприани «Равенна» клубын 2024 жылы сатып алған. Ол команданы Италия футболының жоғары дивизионына шығаруды көздейді. Ал Роналдиньо бұл жобаға футболшы ретінде ғана емес, клубтың ортақ иелерінің бірі ретінде де қосылған.

Поделиться

Нет комментариев.

16/11/2026 10:24
0

Уведомление