«Құрметпен қараймын»: Коэн Қазақстан халқынан Борат үшін кешірім сұрады

Британдық комик Саша Барон Коэн өзі сомдаған Бораттың Қазақстанға еш қатысы жоғын айтты.


29/10/2026
14:21 0

Бұл туралы Коэн Happy Sad Confused подкастында айтты. Ол Бораттың рөлін енді сомдай бастаған кезінде Қазақстан елшілігінен шағым түскенін еске алды.

«Шағым орынды еді. Оны оқыдым. Шамамен “Бұлай істеуге қалай дәтіңіз барады?” деген мазмұнда жазылған», – деді комик.

Комик қазақстандықтардың қалай сөйлейтінін білмейтінін және олардың Боратқа мүлде ұқсамайтынын мойындады.

«Қазақстандықтар, кешірім сұраймын. Мен сіздердің сөйлеу мәнерлеріңізді білмеймін де. Сіздер Боратқа мүлде ұқсамайсыздар. Мен Бораттың акцентімен сөйлеймін, өйткені Орталық Азия халықтарының сөйлеу мәнерін онша ажырата алмаймын. Маған ренжімеулеріңізді сұраймын. Сіздерге тек құрметпен қараймын», – деді Коэн.

Комиктің айтуынша, оның фильмдері Қазақстанды емес, Борат сөйлескен адамдардың надандығын әжуалаған.

«Шын мәнінде, мұның Қазақстанға еш қатысы болған жоқ. Әңгіме мен сөйлескен адамдардың надандығында еді. Олар өздері бұрын-соңды естімеген елде осындай ақылға сыймайтын нәрселер болуы мүмкін деп сенді», – деп түсіндірді актер.

Еске салайық,  Борат туралы алғашқы фильм 2006 жылы шықты. Онда Қазақстан теріс жағынан көрсетілді. Фильм елде кең прокатқа шыққан жоқ. 2020 жылы жарық көрген жалғасы да наразылық тудырды.

Поделиться

Нет комментариев.

29/10/2026 14:21
0

Уведомление