РФММ оқушыларының жаппай улануы: мектепке жаңа директор тағайындалды
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) филиалын Алмаз Күнғожин басқаратын болды.
Мектептегі басшылық ауысымы оқушылардың жаппай улануынан кейін болып отыр. Оқу орнының баспасөз қызметінің мәліметінше, Алмаз Күнғожиннің өзі де осы мектепте білім алған. Ол 2018–2023 жылдары РФММ-ді басқарған. Әр жылдары мұғалім, математика олимпиадаларына дайындайтын жаттықтырушы және бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФММ» КЕАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған. Күнгожиннің «Математика» мамандығы бойынша PhD докторы дәрежесі бар.
«Бұған дейін мектеп директоры болған Мейірбек Мейірлан Едігерұлы бұл қызметтен кетті», – деп нақтылады оқу орнының баспасөз қызметі.
Еске салайық, 12–13 қазанда Алматыдағы РФММ оқушылары жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жаппай түсе бастаған. Барлығы 58 бала ауруханаға жатқызылып, тағы екеуі үйінде емделген. 16–22 қазан аралығында науқастардың барлығы ауруханадан шығарылды.
Асханаға жүргізілген тексеру кезінде санитар дәрігерлер азық-түлікті сақтау талаптарының бұзылғанын анықтап, тиісті құжаттары жоқ сүт өнімдерін тәркіледі. Асхана мен интернаттың жұмысы 60 күнге тоқтатылды. Олар анықталған кемшіліктер толық жойылып, қайта тексеруден өткеннен кейін ғана жұмысын жалғастыра алады.
Алматы полициясы осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.
09:22
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.