Рейтинг: Әлемдегі ең пунктуалды әуекомпаниялар
Әуекомпаниялар арасында көшбасшы – Aeromexico, ал әуежайлар санатында платиналық марапат Стамбул халықаралық әуежайына бұйырды.
Cirium аналитикалық компаниясы «2025 жылғы ұшулардың дәл орындалу көрсеткіштеріне шолу» атты есебін жариялады. Зерттеуге жаһандық және өңірлік авиакомпаниялар, сондай-ақ жолаушылар ағынына қарай әртүрлі санаттағы әуежайлар енгізілген.
Компания әуекомпаниялардың деңгейін ұшақтың белгіленген кестеден 15 минуттан кешіктірмей шығу қабілетімен есептеген. Ал әуежайлардың деңгейін уақытында ұшатын рейстердің саны бойынша анықтаған.
Әлемдік рейтингте бірінші орынды 90,02% дәлдік көрсеткішімен Aeromexico иеленді. Екінші орынға Saudia (86,53%) жайғасты. Үшінші орында – Scandinavian Airlines (SAS) компаниясы (86,09%).
Солтүстік Америкада көшбасшы – Delta Air Lines. Бұл компания өңірде қатарынан бесінші жыл бірінші орынды ешкімге бермей келеді.
Еуропада ең үздік деп Iberia Express танылды.
Азия–Тынық мұхиты аймағында бірінші орынды Philippine Airlines иеленді.
Латын Америкасында көшбасшы – Copa Airlines, ал Таяу Шығыс пен Африка өңірінде — Safair.
Операциялық тұрақтылық үшін берілетін жеке платиналық марапатты үздік жиынтық нәтижелер көрсеткен Qatar Airways алды.
Есепте British Virgin Atlantic әуе компаниясының пунктуалдық көрсеткіші артқаны атап өтілген. Рейстердің кесте бойынша орындалу үлесі 2024 жылғы 74,02%-дан 2025 жылы 83,45%-ға дейін өскен. Cirium мәліметінше, әуекомпаниялар кадр тапшылығы, әуе кеңістігіндегі шектеулер, логистикалық іркілістер және ауа райының тұрақсыздығы жағдайында жұмысын жалғастырып келеді.
Әуежайлар арасында платиналық марапатты Стамбул халықаралық әуежайы алды. Бағалау кезінде тек кесте бойынша орындалған ұшып шығулар ғана емес, сонымен қатар операциялық жүктеме, іркілістердің жолаушыларға әсері және даму қарқыны да ескерілген.
Ірі әуежайлар санатында ең пунктуалды деп Чилидегі Артуро Мерино Бенитес әуежайы танылды.
Орташа әуежайлар арасында көшбасшы – Панама қаласындағы Токумен әуежайы, ал шағын әуежайлар санатында – Эквадордағы Хосе Хоакин де Ольмедо әуежайы.
14:58
54
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.