«Әр дауысты естідім»: Дастан Сәтбаев қазақстандықтарға үн қатты
«Бернли» футбол клубының баспасөз қызметі Қазақстан құрамасының шабуылшысымен түсірілген сұхбаттан үзінді жариялады.
Отандастарға алғыс
Видеода Дастан Сәтбаев алаңға қайта оралғаннан кейін өзін қолдаған қазақстандық жанкүйерлерге шын жүректен алғыс айтты.
Оның айтуынша, сенбі күні Чемпионшип аясында «Бернли» «Уотфордқа» қарсы ойнаған кезде трибунадан өзіне қолдау білдірген жанкүйерлердің даусын естіген.
«Қазақстаннан қолдау білдіріп жатқанына қатты қуаныштымын. Мұны жоғары бағалаймын, рақмет! Есімімді атаған әр дауысты естіп отырдым», - деді 18 жастағы футболшы.
Отандастарына алғысын Дастан Сәтбаев жеке әлеуметтік желідегі парақшасында да білдірді.
«Қолдауларыңызға рақмет, қазақ елі! Алға, „Кларетс“! Біз алға қарай жүре береміз!» - деп жазды футболшы.
Айта кетейік, «Up the Clarets!» - «Бернли» футбол клубының ұраны. Команданы жейдесінің күрең қызыл түсіне байланысты «Кларетс» деп атайды.
Жарақаттан кейінгі алғашқы ойын
«Уотфордқа» қарсы матч Дастан Сәтбаев үшін жарақаттан кейінгі алғашқы ойын болды. Ол қыркүйектің басында «Мидлсброға» қарсы кездесуде санның артқы бұлшықетін жарақаттап алған. Соның салдарынан шабуылшы бір айға жуық алаңға шыға алмай, Қазақстан құрамасына Ұлттар лигасы аясындағы ойындарда көмектесе алмады.
13 қазаннан 14 қазанға қараған түні «Бернли» Англия Чемпионшипінің оныншы туры аясында өз алаңында «Чарльтонды» қабылдайды.
Тоғыз турдан кейін «Бернлидің» еншісінде 7 ұпай болса, «Чарльтон» 13 ұпай жинаған. Ал Чемпионшиптегі соңғы ойында «Бернли» сырт алаңда «Уотфордты» 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, жаңа маусымдағы алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді.
фото: «Бернли»
08:27
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.