Әр алтыншы балада артық салмақ бар: Қазақстанның қай өңірлерінде жағдай күрделі

Дүниежүзілік семіздікті зерттеу федерациясының дерегінше, 2024 жылы балалардың 16,5 пайызы артық салмақтан, 6,5 пайызы семіздіктен зардап шеккен.  


27/11/2026
12:28 0

Ranking.kz мәліметінше, елдегі балалар арасында артық салмақ, семіздік және зат алмасу бұзылыстарының таралуы алаңдатарлық деңгейге жеткен. Мамандар бұл мәселеге тек тамақтану тұрғысынан емес, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен медициналық жүйеге түсетін салмақ тұрғысынан да қарау қажет екенін айтады.

 

Дүниежүзілік семіздікті зерттеу федерациясының дерегінше, 2024 жылы балалардың 16,5 пайызы артық салмақтан, 6,5 пайызы семіздіктен зардап шеккен. Ал Қазақстанда 2025 жылы эндокриндік аурулар мен зат алмасу бұзылыстары бойынша есепте тұрған балалар саны 125,7 мыңға жетіп, бір жылда 20,6 пайыз өскен.

 

15–17 жастағы балалар арасында семіздік көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 82,1 жағдай болған. Қалада бұл көрсеткіш 100,6 болса, ауылда 52,5-ті құраған. Өңірлер арасында да айырмашылық үлкен. Жасөспірімдер арасындағы көрсеткіш Шымкентте 310, Маңғыстауда 281,4, Шығыс Қазақстанда 249,8 болса, Түркістан облысында 18,9 ғана.

 

Өкінішке қарай, Қазақстандағы жасөспірімдердің 42,6 пайызы энергетикалық сусын тұтынады. Әр бесіншісі оны аптасына кемінде бір рет ішсе, 3 пайызы күн сайын пайдаланады.

 

Балалар арасында қант диабеті де көбейіп келеді. 2021-2025 жылдары 14 жасқа дейінгілер арасында аурушаңдық 1,5 есе, ал 15–17 жастағылар арасында 49,6 пайыз өскен.

 

Осы мәселелерге байланысты мемлекет зиянды тағамдардың жарнамасын шектеуді қарастырып жатыр. Ал «Әкелер одағы» энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салуды ұсынған.

Поделиться

Нет комментариев.

27/11/2026 12:28
0

Уведомление