«Прайм-эраға» дейінгі жол: қазақтың кәсіби театр өнері қалай қалыптасты
Қазақтың алғашқы кәсіби театрының құрылу тарихы, ұлттық өнердің бастауында тұрған оқиғалар мен қайраткерлер.
27 наурыз – Дүниежүзілік театр күні. Қазақстан үшін бұл айтулы дата театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, сонымен қатар театр өнерінің жүйелі дамуын дәріптейтін маңызды күн.
Атаулы мерекеге орай Masa.media тілшісі қазақтың алғашқы кәсіби театрының құрылу тарихын еске түсіріп, ұлттық өнердің бастауында тұрған оқиғалар мен қайраткерлердің еңбегіне тоқталғанды жөн көрді.
Бірден орындалмаған шешім
Тұңғыш кәсіпқой қазақ театрын ұйымдастыру мәселесі осыдан бір ғасыр бұрын – 1925 жылы каңтарда Орынбор қаласында өткен І Жалпықазақтық съезінде көтерілді. Сол жылдың сәуір айында Қазақстан Кеңестерінің V съезінде Қазақстанда тұңғыш кәсіпқой театр ашу туралы шешім шықты. Алайда шешім күзге дейін орындалмаған. Бұл туралы тарихшы Б.Қойшыбаевтың Қазақ ұлттық театрының алғашқы ұйымдастырушысы және директоры Дінше Әділов туралы «Алғашқы директор» мақаласында баяндайды.
Автордың айтуынша, ұлттық театрды құру бірнеше кезеңнен өткен.
«Өнерпаздар әуелі Қазақстанның бес жылдығын тойлау күндерінде – 1925 жылдың күзінде астанада бас қосқан және Қызылорданың мерекелі орындарында ән шырқаған. Әйгілі палуан Қажымұқанның көшпелі цирк аренасында өнер көрсетуі ең атышулы, атақты оқиға болған екен. Мерекелік іс-шаралар аяқталған соң, 22 қазанда республиканың Ағарту халкоматында жазушылар мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен қазақ театры жайында кеңейтілген арнайы мәжіліс өткен. Сонда халком Смағұл Садуақасұлы ұлт театрын ашу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады» деп жазады Бейбіт Қойшыбаев.
Театрдың алғашқы труппасы
Шара Жиенқұлова «Өмірім менің – өнерім» атты кітабында: «Күндердің күнінде Құрманбек Қызылордадан шығатын «Еңбекші қазақ» газетін оқып отырып құлап қалатындай және бір жағдайға кезігеді. Газетте мынадай хабарландыру басылыпты: «Қызылорда қаласында тұңғыш ұлт театры ашылады. Соған мүше болуға жер-жерден өнерпаздарды шақырады…» дей келіп, Семей жағынан Әміре Қашаубаевты және төкпе ақын Иса Байзақовты, Қарқаралыдан күлдіргіш Қалибек Қуанышбаевты, Қостанайдан сауыққой Елубай Өмірзақовты әмбе Серке Қожамқұловты, Алматы қаласынан Құрманбек Жандарбековты тағы басқаларын шақыратынын жариялаған» деп жазады.
Сондай-ақ, балуан Қажұмқан Мұңайтбасов, Абылқай Абдуллин, Жүсіпбек Оспанов, Сейфулла Байғожин, Құсайын Оңғарбаевтармен бірге, труппаға кейінірек қосылған Қазкен Бейісов, Манарбек Ержанов тағы басқалар да қал-қадерлерінше театрдың ірге тасын қаласты.

Қазақ драма театрының алғашқы труппасы, 1934 жыл.
Сахналық өнерге деген ескіліктің бұғауын үзіп, театрдың шығармашылық қызметіне белсене араласқан Зура Атабаева, Шәрбану Байзақова, Оразке Қашаубаева, Мәліке Шамова, Жанбике Шанина, Хадиша Қожамқұлова, Бәтима Нұрымова, Шәмсия Әлімбекова, Шәкітай Тәтімова, Ғазиза Шәлімбекова сынды апаларымыздың есімі де ұлттық театр тарихына алтын әріппен жазылған.
Алғашқы қойылым және деректің бұрмалануы
Ресми деректерде театрдың ашылған күні 1926 жылғы 13 қаңтар, ал алғаш қойылған спектакль – Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» деп жазылған. Алайда кейіннен тарихшылар театр шымылдығы Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина» атты пьесасымен ашылғанына көз жеткізді.
«Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылдың басындағы бірнеше нөмірінде «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік Ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр артистері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан концерт. Демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше.» деген хабарландыру басылыпты.
Бейбіт Қойшыбаевтың пайымынша, алғашқы қойылымға қатысты деректің бұрмалануы Діншенің де, Қошкенің де саяси репрессияға ұшырауымен байланысты. Бірақ «Еңлік-Кебек» – Әуезов театрының алғашқы қойылымы» деген дерек ойдан шығарылмаған, ол шынында да құрылу үстіндегі жас театр артистерінің сахнаға шығарған алғашқы спектаклі болды. Тек ол ескі тарихта көрсетілгендей 1926 жылғы 13 қаңтарда емес, Қазақ өлкелік партия ұйымының Бесінші конференциясы құрметіне қойылған.
Фото: auezov-theatre.kz
Академиялық және ұлтттық мәртебе
1926-1932 жылдары театрға актер және режиссер Жұмат Шанин басшылық жасады. Айналасы екі-үш жылдың ішінде өнер ұжымы кәсіби жағынан толысып, өзге қалаларға гастрольге шыға бастаған. Ешқандай кәсіби білімі болмаса да, халық арасынан шыққан таланттар сахнаның сәнін келтіріп, түрлі образдарды сомдады. Қадамын енді тіктеген қазақ театрының өркендеуіне артистер де, басшылар да барын салды.

1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды. 1937 жылы академиялық мәртебесін алса, ал 1961 жылы қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Ал 2020 жылы театрға «ұлттық» мәртебесі берілді. Былтыр қазақ театр өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры 100 жылдығын салтанатты түрде атап өтті.
Ізбасарлар
1930-1960 жылдары Қазақстанда бірнеше театрлар құрылды:
• 1937 ж. – Қазақ музыкалық драма театры (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры).
• 1937 ж. – Қазақ жастар театры (қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы театр).
• 1964 ж. – Қазақ академиялық драма театры жаңа деңгейге көтерілді.
Бұл кезеңде ел театрларында Шекспир, Гоголь, Әуезов, Шаханов, Майлин, Шахимарданның пьесалары қойылып, режиссура мен актерлік шеберлік шыңдала түсті.
Заманауи театрлар
Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, бүгінде елде 70-тен астам театр жұмыс істейді, оның 57-сі – мемлекеттік театрлар. Олардың 11-і республикалық және 46-сы өңірлік театрлар санатында.
Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры. «Шие бағы» қойылымының премьерасы
2025 жылы мемлекеттік театрларда 410 жаңа қойылымның премьерасы өтті. Сонымен қатар республика театрлары 539 гастрольдік сапар ұйымдастырған. Оның 495-і Қазақстан ішінде, ал 44-і шетелде өтті.
Көрермен ықыласының артуы
Сала мамандарының айтуынша, әлеуметтік желілер мен жасанды интеллектінің қарыштап дамуына қарамастан, қазақстандықтардың театрға деген ықыласы төмендемеген. Керісінше, адамдар рухани демалысқа басымдық бере бастаған. Мәселен, өткен жылы ел театрларында 16 мың қойылым сахналанып, оларды 2 832 835 көрермен тамашалаған. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанының өзінде республикалық театрлар 170 927 адамға қызмет көрсетті. Бұл көрермен сұранысының тұрақтылығы мен аудиторияның жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Республикалық һәм халықаралық фестивальдар
Театр саласының ілгерілеуі тек қойылымдармен емес, түрлі фестивальдердегі табыстармен де өлшенеді. 2025 жылы отандық театр қайраткерлері 101 халықаралық және 90 республикалық фестивальдар мен байқауларға қатысты. Осы іс-шаралардың нәтижесі бойынша қазақстандық театрлардың 13 қойылымы «Гран-при» және «Ең үздік спектакль» номинациялары бойынша марапатталды.
XVII А.П.Чехов атындағы халықаралық театр фестивалінде сахналанған «Алатау» театрының «Мамлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымы.
Өңірлерде ашылатын жаңа театрлар
Қазақ театр өнеріне сұраныстың артқанын биылғы Ұлттық құрылтай отырысында президент Тоқаев та атап өткен еді. Оның айтуынша, Қызылордада жаңа драма театр мен заманауи кітапхана ғимараты салынады.
– Стратегиялық бағдарламаның бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаңғырмаса реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Атап айтқанда, Алматы облысында Қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бойы көтереді. Шымкенте де Опера және балет театрының құрылысы басталады, – деді Президент.
Демек, ұлттық театр өнерінің «прайм-эрасы» енді ғана басталды.
14:26
38
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.