«Періштедей үн» : әйгілі мексикалық әншінің жары Димаштың өнеріне тәнті болды
17 қарашада Гвадалахарада өткен Димаш Құдайбергеннің жеке концерті Auditorio Telmex аренасына лық толы көрермен жинады.
Концертін өзінің «Dimensions» әнімен бастаған Димаш бір мақсатқа бағынған шығармашылық жолын таныстырады. Шоудың титулды әнінің әуенін Димаш, ал сөзін қазақстандық музыкант әрі ән авторы Саян Рахымжан жазған.
Алғашқы әнінде Димаш айналаны нұрға бөлеп, үміт сыйлайтын жарық туралы толғайды. Тыңдармандарын бір кеңістіктен екінші кеңістікке сапар шегуге шақырады. Бір сәтте тұтас бір қауымға айналған көрермен әр әнмен бірге Димаштың шығармашылық әлеміне тереңдей түседі.

Өнер иесінің Латын Америкасындағы концерттеріне жасы, ұлты мен тілі әртүрлі тыңдармандар жиналды. Қазақстандық әншінің бірегей өнеріне тәнті жастардың қатары қалың. Бір концерттік бағдарлама аясына опералық вокалдың джаз, фанк, поп және рэп сияқты бірнеше жанрлардың сыйып кетуі мен одан әрі классикалық музыкалық үндестікке ұласуы көрермендерді қайран қалдырды.

Димаштың жанкүйерлері арасында мәдениет саласында мол тәжірибе жинақтаған аға буын өкілдері де бар. Гвадалахарадағы концертке әйгілі мексикалық әнші, актер әрі продюсер Висенте Фернандестің жұбайы Мария Вильясеньор да келді.
– Димаштың өнерімен шамамен үш жыл бұрын интернеттен оның сахнадағы өнерін тамашалағанда таныстым. Оның орындаушылық шеберлігі мен қайталанбас музыкалық дарыны мені бірден баурап алды. Алғаш тыңдаған әрі мен тәнті еткен туынды – «Ave Maria» вокализі. Ал қазіргі менің сүйікті әнім – «Moonlight», – дейді Мария Вильясеньор.

Ол Димашты "періштедей әсем үнге ие, ерекше дарын иесі" деп бағалап, өнер жолында асқаралы асуларды бағындыруына тілектестік білдірді.
Фотолар: dimashnews.com.
10:39
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.