Пара Азия ойындары: Қазақстан екінші күні жеті медаль олжалады

Қазақстан құрамасы 20 қазанда 2026 жылғы V Азия Пара ойындарында екі алтын, бір күміс және төрт қола медаль иеленді.


21/10/2026
08:02 0

Қазақстанға күннің алғашқы алтынын Бексұлтан Құлмырза сыйлады. Ол J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында оңтүстіккореялық Ким Донхунды иппон әдісімен жеңді.

 

Пара дзюдодан тағы екі қола жүлде бұйырды. Даяна Федосова (J2, 60 келіге дейін) қола медаль үшін белдесуде сингапурлық Хун Джоан Хуэй Синді иппон әдісімен ұтты. Ғалымжан Смағұлұлы да J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақта ирандық Реза Голамиден басым түсіп, үшінші орын алды.

 

Диас Кенжебек пара жүзуден бір күнде екі рет тұғырға көтерілді. Ол S10 санатында 100 метрге арқамен жүзуде 1 минут 1,98 секунд нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Сонымен қатар Азия рекордын жаңартты. Бұған дейінгі рекорд 1 минут 3,73 секунд болатын. Кенжебек SM10 санатында 200 метрге кешенді жүзуден де күміс медаль жеңіп алды. Ол қашықтықты 2 минут 21,61 секундта жүзіп өтті. Алтынды 2 минут 18,11 секунд нәтижесімен жапониялық Акито Минаи иеленді.

 

Ардақ Нұрмағамбетов пен Әли Махұлбеков Қазақстан қоржынына тағы екі қола медаль салды. Бұл - еліміздің Азия Пара ойындары тарихындағы пара үстел теннисінен алған алғашқы жүлделері. Нұрмағамбетов үндістандық Сандип Дангиді 3:0 есебімен жеңіп, турнирді үшінші орынмен аяқтады. Ал Махұлбеков сегізінші санаттың жартылай финалында Гонконг өкілі Чжао Шуаиге 0:3 есебімен есе жіберіп, қола жүлдегер атанды.

 

Екінші жарыс күнінен кейін Қытай бейресми медаль кестесіндегі көшбасшылық орнын нығайтты. Оның еншісінде 70 алтын, 44 күміс және 35 қола медаль бар. Өзбекстан екінші, Жапония үшінші орында тұр. Қазақстан бес алтын, алты күміс және он қола медальмен сегізінші сатыға жайғасты.

 

 

Айта кетейік, V Азия Пара ойындары 18-24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр. Қазақстан атынан жарысқа спорттың 12 түрінен 150 спортшы қатысуда.

 

Фото: ҚР ҰПК

Поделиться

Нет комментариев.

21/10/2026 08:02
0

Уведомление