Отыр, «2»!: Шенеуніктер Мәжіліске дайындықсыз келуден неге ұялмайды?
Соңғы уақытта Үкімет мүшелерінің Мәжіліс отырысына дайындықсыз келуі жиіледі . Берілген сұрақтарға нақты жауап бере алмау, қағазға телміру, күмілжу, шала қазақшамен мырыңдау – тізе берсек, шенеуніктердің «өнерін» санап бітпеспіз.
КҮРСІНЕ БЕРГЕН ВИЦЕ-МИНИСТР
Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында баяндама жасаған Айдар Әбілдабеков Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков өзін «күрсіну шебері» ретінде көрсетті. Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы тауарлардың шығу тегін үйлестірілген жүйелеу туралы заң жобасын талқылау кезінде депутаттар вице-министрге сұрақ қойған. Алайда Сауда министрінің міндетін атқарушы Әбілдабеков бұл мәселелер оның құзыретіне кірмейтінін айтып, бірнеше рет жазбаша түрде жауап беруді ұсынды. Сөзден тосылған вице-министр күрсіне берді. Мұнысы Мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа ұнаған жоқ. Шенеунікке қатаң ескерту жасады.

«Айдар Ахметбекұлы, министр қазір шетелде іссапарда жүр. Сіз министрдің міндетін атқарушысыз. Бұл жерде депутаттардың қойып жатқан сұрақтары осы заң жобасының аясында ғана. Енді бұл сіздердің күнделікті істеп жүрген жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? Сіз «мен бұл мәселенің кураторы емеспін» дейсіз. Бұл жерге келген министрліктің өкілі барлық сауалға жауап беруге дайын болуы қажет. Әйтпесе келудің қажеті жоқ, басқа вице министр келуі керек еді. Дайындалып келу керек. Біз сіздің күрсінісіңізді жауап деп қабылдай алмаймыз. Әрбір сұраққа күрсінесіз», – деді Қошанов вице-министрге.
ЖАУАПТАН ТОСЫЛҒАН ЖАҚЫПОВА
Жуырда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те палата отырысы барысында министрлердің дайындықсыз келетінін қатты сынға алған. Оның сөзінше, халық қалаулылары қойған нақты сұрақтарға министрлер толыққанды жауап бере алмайды.
Базарбек бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға қойған сауалынан кейін көтерді. Депутат Қатарда еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың жағдайын сұрады. Ресми мәлімет бойынша, бүгінде бұл елде 1 500-ге жуық қазақстандық тұрады, оның ішінде 800-ден астамы еңбек етуде. Негізгі жұмыс орындары – мұнай-газ саласы мен қызмет көрсету секторы. Ерлердің үлесі – 60 пайыз, қалғаны – әйелдер.

Депутаттар екі ел арасындағы келісімді талқылап, қазақстандық жұмысшылардың құқығы қорғалатынын айтқанымен, Базарбек Қатардағы еңбек заңнамасы әлсіз екенін алға тартты. Оның айтуынша, қазақстандық азаматтар еңбек құқығы бойынша түрлі кедергілерге тап болуы мүмкін. Осыған байланысты министр Жақыповадан нақты жауап сұралды, алайда ол мардымды түсініктеме бере алмады.
Бақытжан Базарбек министрлердің дайындықсыз келуі халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге кедергі екенін ескертіп, олардың Мәжіліс отырыстарына мұқият дайындалуын талап етті.
ЖАҢБЫРШИНДІ АШУЛАНДЫРҒАН МИНИСТР
2022 жылы да Мәжілістің кезекті отырысына заң жобасы бойынша баяндама жасап, сұрақтарға жауап беруге келген бірнеше министр мен вице-министр депутаттардан сөз естіп қайтқан.
Үкімет мүшелері арасынан мінберге алғашқы болып шыққан сол кездегі ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров (қазіргі Сыртқы істер министрінің орынбасары) ірі қалаларға іргелес елді мекендердің мәселесін шешуді көздейтін заң жобасы бойынша баяндама жасаған еді. Содан кейін депутаттардың сұрақтарына кезек берілді.Алайда қандай сауал қойылмасын, министрдің жауабы мәжілісмендерді қанағаттандырмады. Депутат Еділ Жаңбыршин тіпті ашуға булығып кетті.

«Біз министрдің жауаптарынан нақты ештеңе естіген жоқпыз. Абсолютно. Түк түсініксіз», – деп шүйлікті ол министрге.
Төменгі палата депутаттарының көңілін қалдырған үкіметтің тағы бір өкілі –бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков(қазір Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы). Ол парламентке Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы төтенше жағдайлар туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы жайлы баяндауға келген.
Шенеунік көмекшілері дайындап берген қазақша баяндаманы еш қиындықсыз оқып бергенімен, сұрақ-жауап кезінде тосылды. Сөйтсек, вице-министр қазақ тіліне шорқақ екен. Оның үстіне, қойылған сауалдарға да тұщымды жауап бере алмады. Депутат Ерлан Сайыров министрлік өкіліне ескерту жасады.
«Біріншіден, менің ойымша, министрлік өкілдері мәжіліске дұрыстап дайындалып келуі керек. Мәжіліс дегеніміз парламент институты. Бұл жерге келген азаматтар депутаттарда қандай сұрақтар бар, соның анық-қанығына жетіп, ықтимал сауалдарға дайындалып келуге тиіс. Шынын айту керек, мынау ұят енді», – деп ашынды Сайыров.
ҚАЗАҚШАҒА ШОРҚАҚТАР
Депутаттардың қазақшаға шорқақтығын мәжілісмен Жанарбек Әшімжан да сынға алған.
«Біз осы мәселеге қатысты депутаттар тарапынан наразылық білдіргенбіз. Былтыр да осылай болған. Өйткені, олардың көбі орысша айтқанда «отписка» үшін келіп, жауап береді. Жылдың басында Үкіметке көңіліміз толмайтынын палата отырысында да айттық. Олар Мәжіліс жиынына дайындықсыз келеді. Мемлекеттік тілге шорқақ, нақты қойылған сұрақтарға жазбаша жауап беруге рұқсат сұрайды», – деді депутат 2023 жылғы отырыстардың бірінде.

Әшімжан парламенттегілер бұл мәселеге қатысты бірнеше мәрте ескерту жасағанын еске салды.
«Бір-бірімізге хат жазып отыра берсек, жұмыс бітпейді ғой. Осы мәселеге қатысты депутаттар тарапынан наразылық болды. Алайда бұл мәселе жолға қойылып келе жатыр», –деді депутат.
20:26
51
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.