Оңтүстік Кореяның экс-президентіне үкім шықты
Оңтүстік Корея соты елдің бұрынғы президентті Юн Сок Ёльді 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Не үшін сотталды?
Reuters агенттігінің жазуынша, үкім бірқатар айып бойынша шығарылып отыр – экс-президент тергеушілердің әрекетіне кедергі келтіргені, ресми құжаттарды қолдан жасағаны және әскери жағдай енгізу үшін қажетті заңдық рәсімдерді сақтамағаны үшін кінәлі деп танылды.
2024 жылдың желтоқсанында Оңтүстік Кореяда саяси дағдарыс болды. Бюджетке қатысты дау-дамайлар туғанда Юн Сок Ёль күтпеген жерден елде әскери жағдай енгізілетінін жариялап, бұл қадамын оппозицияның «мемлекетке қарсы әрекетімен» түсіндірді. Алайда ел парламенті бұл шешімді бекітуден бас тартып, келесі күні мемлекет басшысы аталған жарлықты кері қайтаруға мәжбүр болды.
14 желтоқсанда депутаттар Юнға импичмент жариялады. 2025 жылдың сәуір айының басында бұл шешімді елдің Конституциялық соты мақұлдады.
2025 жылы 15 қаңтарда Юн Сок Ёль қамауға алынды. Алғашқы ұстау әрекетінің жолын президент күзеті бөгеген еді. Сот бұрынғы мемлекет басшысын қамауға алу туралы шешім шығарғанымен, 8 наурызда қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырып, оны қамаудан босатты. Алайда шілде айында Юн қайтадан тұтқындалды.
Прокурорлар қандай жаза сұрады?
Оңтүстік Кореяның арнайы прокуроры былтыр 26 желтоқсанда Сеулдегі осы сотта елдің экс-президенті Юн Сок Ёльді сот төрелігіне кедергі келтірді деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен. Тағы 5 жыл түрме жазасы 2025 жылдың қаңтарында оны қамауға алмақ болған тергеушілерге кедергі келтіруге тырысып, президент резиденциясында бекініп алуына байланысты сұралған.
Сондай-ақ әскери жағдай енгізу жоспарына қатысты өткізілген кеңеске шақырылмаған тоғыз министрлер кабинеті мүшесінің құқықтарын бұзғаны үшін және әскери жағдайдың енгізілуі туралы шетелдік баспасөзде жалған ақпарат таратқаны үшін тағы 3 жыл талап етілді. Тағы 2 жыл – әскери жағдай енгізу туралы жалған жарлықты дайындап, кейін оны жойып жібергені үшін сұралған.
Ал биылғы 13 қаңтарда Оңтүстік Корея прокурорының арнайы тобы елде әскери жағдай енгізбек болған сәтсіз әрекеті үшін Юн Сок Ёльге өлім жазасын тағайындауды талап еткен еді.
Айта кетейік, Юн Сок Ёль – Корея тарихындағы қамауға алынған алғашқы президент.
14:56
26
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.