Оңтүстік Кореяда қазақтар мен қырғыздардың төбелесі тергеліп жатыр
Оңтүстік Корея полициясы шетелдіктер қатысқан жаппай төбелеске қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу барысында Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары арасында жанжал болған деген нұсқа тексерілуде.
Кімдер ұсталды
Yonhap агенттігінің хабарлауынша, төбелес 3 қазанға қараған түні Пхёнтхэк портына жақын жерде болған. Оқиға орнының маңында балабақша мен бастауыш мектеп орналасқан. Төбелеске тікелей қатысқандардың саны шамамен 15 адам болған.
Полиция 20 жастағы екі ер адамды – Ресей және Қырғызстан азаматтарын ұстаған. Олар жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Ұсталғандар төбелеске өздері қатысқанын жоққа шығарып, көшеде кетіп бара жатқан кезде өздеріне шабуыл жасалып, соққыға жығылғанын айтқан.
Төбелеске қатысы бар деген қалған адамдар оқиға орнынан қашып кеткен. Олардың кім екені және қай елдің азаматы екені әзірге анықталған жоқ. Полиция қазақстандықтардың да жанжалға қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатыр. Алайда әзірге мұны растайтын нақты дерек жоқ.
Полиция не дейді?
Полиция мәліметінше, оқиға орнынан ағаш тақтайлар мен бейсбол таяғы табылған. Темір шегелері бар қару қолданылды деген ақпарат әзірге расталмады.
Полиция бейнебақылау камераларындағы жазбаларды және төбелеске қатысушылар мінуі мүмкін көліктердің нөмірлерін тексеріп жатыр. Тергеушілер олардың алдын ала кездесуге келіскен-келіспегенін және көлікті кім бергенін де анықтауда.
«Қоғамда алаңдаушылық туғызбау үшін күдіктілерді ұстағанға дейін қылмыстың алдын алуға бағытталған арнайы шараларға қолда бар барлық қызметкерді жұмылдырамыз», – деді полиция өкілі.
Оларға қандай жаза берілуі мүмкін
Егер шабуылға қатысқаны дәлелденсе, кінәлілер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 10 млн вонға (шамамен 3,39 млн теңге) дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Мұндай жағдайда дене жарақатын келтіргені дәлелденсе, жаза бір жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру болуы ықтимал.
Қылмыстық жазадан бөлек, шетел азаматтарын Оңтүстік Кореядан депортациялау мәселесі де қаралуы мүмкін. Бұл шешімді көші-қон органдары істің мән-жайы мен азаматтардың елде болу мәртебесін ескере отырып қабылдайды. Әзірге ұсталғандарды елден шығару туралы шешім қабылданған жоқ.
08:25
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.