«Оскар» иегері өз бейнежазбасына қазақстандық рэпердің әуенін қолданды
Оскар иегері, атақты Голливуд жұлдызы Джессика Честейн өзінің Instagram парақшасында әзіл-шыны аралас бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Masa media.
Толығырақ
Видеода қызыл кілемдегі атақты адамдардың сәнді бейнесі мен олардың күнделікті өмірдегі қарапайым сәттері арасындағы айырмашылық көрсетілген.
Актриса жариялаған видеода қазақстандық рэпер Hatikoali-дың танымал «Go» атты композициясы қолданылған. Кадрларда Честейн алдымен әсерлі, салтанатты шараларға қатысқан сәттерін көрсетеді, ал кейін күнделікті дайындық пен қарапайым көріністі көрермендерге ұсынады.
Жазылушылар бейнежазба қазақстандық музыкант Алихат Танатаровтың( сахнадағы аты – Hatikoali) «Go» трегімен үйлестіріп монтаждағанын атап өтті.
Қазақстандықтардың таңданысы
Видео астында жарияланған 3 мыңға жуық пікірдің көпшілігі – қазақстандық қолданушылардың жазғаны. Олар актрисаның Hatikoali-дің трегін таңдағанына таңданысын білдірген. Сондай-ақ, отандық музыканың шекарасы кеңігеніне қуанғандарын жеткізген.
Қазақстандықтардың бір тобы «Өз көзіме өзім сенбей, парақшаға үш рет кіріп тексердім», «О Құдайым, бұл шынымен Джессиканың парақшасы ма?» деп таңғалса, енді бір тобы қазақстандық әуендерді қолдану парақшаның қаралымын арттыратынын жарыса жазған: «Әлемдегі танымал парақшалардың көп қаралуы қазақстандық тректер мен пікірлердің арқасы», «Қазақтың әнін қойсаң болды, алгоритмдер өзі-ақ іліп әкетеді».
Джессика Честейн – АҚШ-тағы танымал актриса, 2022 жылы «Ең үздік әйел адам рөлі» аталымы бойынша «Оскар» сыйлығын алған. «The Help», «Zero Dark Thirty» сияқты фильмдердегі рөлдерімен белгілі. Instagram-да 5,4 млн оқырманы бар.
Hatikoali – Қазақстандық рэпер және музыкалық продюсер. Павлодардың тумасы. Оның тректері Қазақстанда ғана емес, шетелде де кең танылды. 2025 жылдың 30 мамырында шыққан SAKSAUL дебюттық альбомы оның әуендеріне жас буынның қызығушылығын арттыра түсті. 2025 жылдың қазанында шыққан «GO!» синглі миллиондаған қаралым жинап, Қазақстан чарттарында топ жарды.
11:15
23
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.