Орталық Азияға әнсапар: Шакира Бішкектен кейін Қазақстанға келе ме
Қырғызстанда Шакираның Бішкекте өтетін концерті оның Орталық Азияның басқа елдерінде өнер көрсету мүмкіндігін жоққа шығаратыны айтылды.
Қазақстан жоспарда жоқ па?
Қырғызстан президенті іс басқармасының мәліметінше, әлемдік жұлдыздың концертін жай ғана жеке промоутерлік компания ұйымдастырып отырған жоқ. Шоуды өткізуге Қырғызстан президенті іс басқармасы тікелей атсалысып жатыр. Шакираның елге келетінін алғаш болып осы мекеменің басшысы Қаныбек Туманбаев жариялаған.
18 қазанда Шакира Las Mujeres Ya No Lloran әлемдік туры аясында жаңа «Бішкек Аренада» өнер көрсетеді. Қырғыз тарапының мәлімдеуінше, әншімен эксклюзивті келісім жасалған. Құжатта оның аймақтағы басқа елдерде концерт өткізуі қарастырылмаған.
Бұл мәлімдеме Шакираның Қазақстанда да концерт беруі мүмкін екені туралы ақпарат тараған тұста жасалды. Сәуір айында «Спорттық нысандар дирекциясы» ЖШС басшысы Есет Байтасов әншінің 2026 жылы Алматыға келуі мүмкін екенін айтқан.
Ал 30 қыркүйекте Astana Concert өкілі Малик Хасеновке әлеуметтік желіде Шакираның Қазақстандағы концерті туралы сұрақ қойылған. Ол әзірге Бішкекке билет алмауға, күте тұруға кеңес берген. Дегенмен Қазақстандағы концерт туралы ресми хабарландыру әлі жасалған жоқ.
Енді бұл мәселені Қырғызстан тарапының өзі күн тәртібіне шығарып, Шакираның Орталық Азияда тек Бішкекте ғана өнер көрсететінін арнайы атап өтті.
Қазақстандықтар Бішкекке ағылмақ
Бішкектегі концертке билеттер ресми мемлекеттік GovTicket сервисі арқылы сатылымға шыққан. Бағасы 12 мың сомнан басталады, бұл шамамен 62 мың теңге.
Концерттің алғашқы күнінде Шакираның өнер көрсетуіне 22 елдің тұрғындары билет сатып алған. Сатылымның басым бөлігі Қырғызстанға тиесілі – 77,32%. Шетелдік сатып алушылар арасында Қазақстан көш бастап тұр: Қырғызстаннан тыс жерлердегі сатылымның 80,01 пайызы қазақстандықтарға тиесілі. Одан кейін Ресей – 13,08%, Өзбекстан – 3,80%. Қалған 18 елдің үлесі 3,10% болды.
Билетті АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан, Түркия, Германия, Қытай және Ұлыбритания тұрғындары да сатып алған.
12:02
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.