Онлайн олжаның ақыры: қазақстандық инфобизнесті не күтіп тұр?
Жанәбіловтер ісінен соң блогерлер курс сатып, ұтыс ойнатуды доғара ма?
Қазақстанда ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың сотын бақылап отырған адам көп. Әсіресе, курс сатумен, түрлі ұтыстарды ұйымдастырумен айналысып жүрген блогерлер сілтідей тына қалған. Әліптің артын бағып отыр. Кәсіптерінің ертеңі не болады деп алаңдаулы.
Енді Instagram-да оңай олжа табу дәурені біте ме? Блогерлер курс сатуды тоқтата ма? Қазақстандық инфобизнесті қандай өзгеріс күтіп тұр? Masa.media тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Жанәбіловтерге тағылған айып
Блогерлер Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабының 2-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған қаражат пен мүлікті заңдастыру) бойынша айыпталып отыр. Екеуі де 2 ақпаннан бері үйқамақта. Блогерлер судьядан өз істерін жабық режимде қарауды сұраған. Алайда бұл өтініштері қанағаттандырылған жоқ. Дегенмен сот отырысы кезінде оларды фото және видеоға түсіруге тыйым салу туралы өтініштері ескерілді.

Онлайн курс, заңсыз лоторея
Айыптау нұсқасына сәйкес, Жанәбіловтер онлайн-курстарды сату арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырған. Сатып алушыларға нақты білім беру курсы емес, бағалы сыйлық ұтып алу ұсынылған. Бұл заңсыз лотерея қызметінің белгілеріне жатады. Алайда сотта айыпталушылар кінәларын мойындаған жоқ.
Шотқа түскен миллиондар
Сотта оқылған экономикалық сараптама қорытындысына сүйенсек, Эльмира Төлегенова басқаратын «Zhana Business» ЖШС-тің қызметі басталғаннан бүгінге дейін есепшотына түскен қаражаттың жалпы көлемі – 373 473 288 теңге.
Ал 2025 жылғы 21 тамыз бен 17 қараша аралығында курстарды сатудан түскен табыс 246 613 229 теңге болған. Осы кезеңдегі «Zhana Business»-тің шығыны – 248 356 106 теңге.
Былтырғы тамыздан бері «Zhana Business» ЖШС-не тиесілі JSC Kaspi Bank-тегі депозиттік шотқа 60 000 000 теңге түскен.
Жолшыбеков пен Нұртаза
Instagram-да 7 миллионнан астам оқырманы бар блогер Нұрбек Нұртаза мен аудиториясы 3 миллионан асып жығылатын Дархан Жолшыбеков те өз парақшаларында онлайн ұтыс ойындарын ұйымдастырған. Олар Жанәбіловтер сотына куәгер ретінде шақырылды. Алайда блогерлер Алматыда жүргенін және екеуі де ауырып қалғанын айтып, сотта бейнебайланыс арқылы жауап беруге мүмкіндік сұраған. Алайда прокурор олардың келесі отырысқа мәжбүрлеп алдыру туралы өтініш білдірді. Адвокат айыптау тарапының ұстанымын қолдады. Сот тисті қаулы шығарып, оның орындалуын Астана бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жүктеді.

Дархан Жолшыбеков өткен жылы өз үйінде ұтыс ойнатқаны үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің көзіне түскен болатын. Ұтыс арқылы блогер 1,5 млрд теңге жинаған. 50 мыңға жуық адам оның шотына 30 мың теңгеден аударған.
«Инфосығандар алаңды өзі-ақ тазартады»
Блогерлердің қызметін майшаммен тексеру, миллиондаған айыппұл салу, түрмеге қамау толқыны осыдан екі жыл бұрын Ресейде басталған. Көп ұзамай Қазақстанға да жетті. Бұрынғыдай ауадан ақша жасау, аңқау елді сүлікше сору мүмкін емесін онлайн олжамен байығандардың бәрі түсініп отыр.
Блогерлер бұдан былай Instagram-да курс сатуды тоқтата ма? Бұл сұраққа желіде мықты эксперттердің танылуына септігін тигізіп жүрген инфопродюсер Назым Исмаханбет жауап берді.
«Жалған нәтиже, дәлелсіз нәтиже, манипуляция, «оңай ақша» схемалары енді жұмыс істемейді. Бірақ Instagram арқылы сату тоқтамайды. Себебі адамдар әлі де білім алады, қызмет сатып алады, онлайн оқиды. Бұл әлемдік нарық», – дейді маман.

Назымның пікірінше, енді аудитория да, заң да шынайы эксперттерді ғана қалдырады.
«Ал «мен ұсталып қалмас па екем» деген инфосығандар алаңды өзі-ақ тазартады», – дейді ол.
Нағыз эксперттер үшін жақсы уақыт
Инфопродюсердің айтуынша, енді дәуірі жүретіндер:
- нақты тәжірибесі барлар
- шынайы нәтиже көрсететіндер
- адамдарға нақты пайда беретіндер
«Шын мәнінде блогерлердің дәуірі бітпейді. Керісінше, нарық өзі тазарып жатыр. Бұл – нағыз эксперттер үшін жақсы уақыт», – деп түйіндеді маман.
Курс сатасың ба – дипломыңды көрсет
Жұмысын желі арқылы дөңгелетіп отырған эксперттерді қуантқан тағы бір жаңалық – Қазақстанда онлайн курс сататын блогерлерден өзі үйрететін сала бойынша тиісті білімі барын көрсететін дипломның болуы талап етілмек.
Жуырда бір топ сенатор Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желідегі жарнамаларды бақылауға алуды сұраған. Премьер-министрдің депутаттарға берген жауабына сүйенсек, Әкімшілік кодекске онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары әзірленген. Аталған заң жобаларына бірқатар жаңа нормалар енгізілген.
«Белгілі бір салада білім беру курстарын және (немесе) оқыту материалдарын қамтитын контентті тарататын онлайн-платформа пайдаланушыларына мұндай контентті тиісті білімі бар екендігі туралы хабарламамен, диплом және (немесе) сертификат деректерін көрсете отырып сүйемелдеу міндетін белгілеу көзделеді», – дейді премьер.
Демек, инфобизнес білім-білігі бар нағыз мамандардың кәсібіне айналатын күн таяу деген сөз.
15:43
274
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.