Қомақты айыппұл немесе түрме: әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін жаза қандай?

2026 жылдың алғашқы алты айында соттар балағат сөздерге қатысты түскен 2,7 мыңнан астам шағымның небәрі 440-ын қарауға қабылдаған, деп хабарлайды Masa.media.  


10/09/2026
11:52 0

Қазақстанда интернетте жарияланған қорлау сипатындағы жазбалар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мұндай әрекет үшін 200 АЕК-ке дейін, яғни 865 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы немесе 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалуы мүмкін.

 

Energyprom сарапшыларының жазуынша, кейбір жарияланымдар әлдеқайда қатаң жауапкершілікке әкелуі ықтимал. Мәселен, әлеуметтік, ұлттық, этностық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін сот 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алады.

 

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері қазақстандықтардың балағат сөздерге байланысты сотқа қаншалықты жиі жүгінетінін және мұндай істер бойынша қандай жаза қолданылатынын көрсетеді.

 

ШАҒЫМДАРДЫҢ ҚАНШАСЫ СОТҚА ЖЕТЕДІ?

 

Егер қорлау әрекеті көпшілік алдында, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілерінде немесе онлайн-платформаларда жасалса, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабының 2-бөлігіне жатады. Мұндай істер жеке айыптау тәртібімен қаралады. Яғни жәбірленуші құқық қорғау органдарына арыз жазбай-ақ, тікелей сотқа жүгіне алады.

 

Бұл ретте 131-бап бойынша жүргізілетін статистикаға интернеттегі жарияланымдар ғана емес, қорлаудың басқа да түрлері кіреді.

 

Жыл сайын соттарға осындай 5,8 мыңнан 6,9 мыңға дейін шағым түседі. 2025 жылы олардың саны шамамен 6,2 мың болды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 1,5%-ға көп. Ал 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында 2,7 мыңнан астам арыз түскен.

 

Шағымдардың жартысына жуығын тергеу, анықтау органдары немесе прокуратура бастаған.
Алайда олардың аз ғана бөлігі сотта қаралады. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенген есеп бойынша, соттар шағымдардың небәрі 15-16%-ын қарауға қабылдайды.

 

2025 жылы түскен 6,2 мың арыздың 3,2 мыңнан астамын соттар құжаттарды рәсімдеу талаптарына сәйкес келмегендіктен қабылдамаған. Тағы мыңдаған шағым басқа себептермен кері қайтарылған. Нәтижесінде соттар 970 арызды қараған.

 

ІСТЕР НЕМЕН АЯҚТАЛАДЫ?

 

2024 жылғы маусымнан бастап интернеттегі жарияланымдар қорлау үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың жеке негізіне айналды. Алайда Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2-бөлігі бойынша қаралған істер саны айтарлықтай өзгермеген.

 

2024 жылы бірінші сатыдағы соттар осы бап бойынша 467 қылмыстық істі қараса, 2025 жылы олардың саны 463 болды. 2025 және 2026 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштер де шамалас.

 

Сонымен қатар статистика әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға қатысты істердің нақты санын бөлек көрсетпейді. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының бірінші орынбасары Серікжан Мырзалы ведомство мұндай деректерді жеке қалыптастырмайтынын айтқан.

 

Соңғы жылдары ақпарат ағынының едәуір бөлігі онлайн-медиаларға ауысты. Сондықтан кейбір істер бұған дейін БАҚ-та айтылған сөздер санатына жатса, қазір онлайн-платформалардағы жарияланымдар санатына өтуі мүмкін.

 

Сотта қаралған істердің шамамен төрттен бірінде ғана айыптау үкімі шығарылады. 2026 жылдың алғашқы алты айында соттар 193 істі қараған. Оның ішінде 50 адамға айыптау үкімі шығарылып, 45 адам ақталған. Ал 118 іс тоқтатылған. Бұған қылмыс құрамының болмауы, кінәнің дәлелденбеуі немесе тараптардың татуласуы себеп болған.

 

Ең көп қолданылатын жаза – айыппұл. 2025 жылы бас бостандығын шектеу жазасы бір адамға ғана тағайындалған.

 

БАҚ пен интернеттегі қорлау үшін салынған айыппұлдардың жалпы көлемі соңғы бірнеше жылда екі есеге өскен. 2020 жылы бұл сома 3 млн теңге болса, 2024 жылы 8,1 млн теңгеге жеткен. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында сотталғандар бюджетке 3,2 млн теңге төлеген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен шамалас.

 

Айыппұлдан бөлек, кінәлі адам көбіне жәбірленушіге моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттеледі. 2025 жылы соттар соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш – 29,3 млн теңгені өтемақы ретінде өндіріп беруді белгілеген.

 

2026 жылдың алғашқы алты айында бұл сома 11,7 млн теңге болды. Бұл 2025 жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда 12,5%-ға аз. Мұндай төмендеу аяқталған істер санының қысқаруымен тұспа-тұс келген.

 

ҚАНДАЙ СӨЗДЕР ҮШІН БАС БОСТАНДЫҒЫҢНАН АЙЫРЫЛАСЫҢ?

 

Құқық қорғау органдары әлеуметтік желідегі жазбаның авторын, тіпті ол өзінің жеке басын жасырған жағдайда да анықтай алады. Ішкі істер министрлігінде адамның аты-жөнін, ЖСН-ін және тіркелген мекенжайын анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдар бар.

 

Ведомствоның баспасөз қызметі әрбір нақты жағдайда желідегі қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар адам жедел-іздестіру және өзге де іс-шаралар аясында анықталатынын хабарлаған. Аккаунттың жабық немесе анонимді болуы заң бұзған адамның кім екенін анықтауға кедергі келтірмейді.

 

Интернеттегі жарияланым үшін тек қорлау бабымен ғана емес, Қылмыстық кодекстің басқа да баптары бойынша жауапкершілік туындауы мүмкін. Олардың қатарында жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу, дербес деректер туралы заңнаманы бұзу, әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздыру, сепаратизм, көрінеу жалған ақпарат тарату және билік өкілін қорлау бар.

 

Дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Әлеуметтік немесе ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін 20 жылға дейін, сепаратизм үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және ҚР азаматтығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал билік өкілін қорлағаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

 

2026 жылдың алғашқы алты айында осы баптар бойынша тіркелген істердің жалпы саны азайған. Тек жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу фактілері бойынша істер саны өскен. Олар 46-дан 77-ге дейін көбейіп, 67,4%-ға артқан.

 

Ең қатаң үкімдер әлеуметтік, ұлттық, этностық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін шығарылған. 2025 жылы осы бап бойынша 49 адам сотталған. Оның үшеуі 15-20 жылға, алтауы 12-15 жылға бас бостандығынан айырылған. Тағы 10 адамға 3-5 жыл, 14 адамға 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілген.

 

Билік өкілін қорлағаны үшін нақты бас бостандығынан айыру жазасы әлдеқайда сирек тағайындалады. 27 сотталғанның біреуі ғана 3-5 жылға бас бостандығынан айырылған. Тағы 13 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған.

Поделиться

Нет комментариев.

10/09/2026 11:52
0

Уведомление