Популярные тэги

Олимпиададағы ең танымал конькишінің костюмі рекордтық бағаға сатылды

Нидерландтық конькиші Ютта Лердамның  Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында киген жарыс костюмі аукционда сатылды, деп хабарлайды Masa media.


02/03/2026
15:17 38 0

Аукцион

 

Nu.nl порталының жазуынша, аукционды Нидерландтың Ұлттық олимпиадалық комитеті MatchWornShirt платформасымен бірлесіп ұйымдастырған. Сатылымға олимпиадашылардың 19 костюмі шығарылған. Оларды сатудан түскен қаржы жастар спорт клубтарын қолдауға бағытталмақ.

 

Сауда аяқталуға жақындағанда Лердамның қолтаңбасы қойылған костюмге берілген ең жоғары баға 10 мың еуроға жетпей тұрған. Алайда дәл аукцион жабылар алдында екі қатысушы лот үшін қызу бәсекеге түсіп, нәтижесінде костюм 195 мың еуроға сатылған.

 

Осылайша Ютта Лердамның конькимен жүгіруге арналған костюмі платформа тарихындағы ең қымбат лотқа айналды. Бұған дейін тіпті португалиялық футболшы Криштиану Роналдудың заттары да мұндай бағаға жетпеген.

 

Инстажұлдыз

 

Ютта Лердам – Милан Олимпиадасындағы ең танымал инстажұлдыз. Оның желідегі парақшасына 6,5 млн қолданушы жазылған. Нидерландтық конькиші 1000 м қашықтыққа сырғанаудан алтын медальға қол жеткізіп, жаңа олимпиадалық рекорд орнатты – 1,12,31 секунд. Мәреге жеткен соң спортшы жарыс костюмінің алдын ағытып, өзінің жеке демеушісі – Nike компаниясының логотипі таңбаланған ішкі киімін көрсеткен болатын. Бұл  әрекеті үшін бренд Лердамға 1 млн доллардан астам қаржы төлеген.

 

Фото: Getty Images

Поделиться

Нет комментариев.

02/03/2026 15:17
38 0

Уведомление