Олимпиададан кейінгі алғашқы жарыс: Шайдоров жеке рекордын жаңартты
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиададағы жеңісінен кейінгі алғашқы ресми жарысына қатысты.
Жаңартылған рекорд
22 жастағы спортшы Братиславада өтіп жатқан Ондрей Непела мемориалында қысқа бағдарлама бойынша 95,98 ұпай жинап, әзірге үшінші орында тұр.
Шайдоровтың Олимпиададағы қысқа бағдарламадағы нәтижесі 92,94 ұпай болған. Бұл жолы ол көрсеткішін үш ұпайдан астамға жақсартты.
Қазақстандық спортшы бағдарламасын негізінен таза орындады. Ол төрт айналымды лутц пен үш айналымды тулуптан тұратын каскадты, сондай-ақ үш айналымды аксельді сәтті жасады. Тек төрт айналымды тулуптан кейінгі қону кезінде аздаған қателік кетті.
Қысқа бағдарламадан кейін жарыс көшін бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп жатқан Евгений Семененко бастады. Оның еншісінде – 101,16 ұпай.
Екінші орында Италия өкілі Даниэль Грассль – 99,10 ұпай. Ал Шайдоров 95,98 ұпаймен үшінші сатыда келеді.
Олимпиада чемпионы ретіндегі алғашқы жарыс
Бұл – Шайдоровтың 2026 жылы Италияда өткен Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейінгі алғашқы ресми старты.
Ондрей Непела мемориалы Словакия астанасы Братиславада өтіп жатыр және Challenger сериясына кіреді.
Ерлер арасындағы жарыстың қорытындысы 26 қыркүйекте еркін бағдарлама аяқталғаннан кейін белгілі болады.
08:13
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.