Оксфорд студенттері Түркістанда қазақ тілін үйренеді

Ұлыбритания студенттері Оксфордтағы оқуын уақытша тоқтатып, Түркістанға ат басын бұрды. Олар қазақ тілін үйрену үшін Қазақстанға екі аптаға  келді.


22/09/2026
09:30 0

Бұл қандай жоба?

 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша,  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің студенттеріне арналған екі апталық «Қазақ тілін үйрену бағдарламасы» басталды.

 

Бағдарламаның негізгі мақсаты – шетелдік студенттерге қазақ тілінің негізін меңгерту, ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және Қазақстанның тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері мен ұлттық құндылықтарын таныстыру. Бастама Ұлыбританияның білім беру бағдарламаларына қазақ тілін енгізуге бағытталған Oxford Birsöz жобасының практикалық жалғасы болып саналады. Жоба туралы алғаш рет ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылғы 2 қарашада айтып, Қазақстан мен Оксфорд университеті арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өткен болатын.

 

Оксфорд студенттері не үйренеді?

 

Бағдарлама барысында Оксфорд университетінің студенттері қазақ тілінің негізгі грамматикалық құрылымдары мен сөздік қорын меңгеріп, күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын жетілдіреді. Сабақтарды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор-оқытушылары заманауи әдістемелер негізінде жүргізеді.

 

Бағдарламаның ғылыми-әдістемелік мазмұнын әзірлеуге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары атсалысты. Мамандар шетелдік студенттерге қазақ тілін деңгейлік негізде меңгертуге бағытталған оқу-әдістемелік және лингводидактикалық тәсілдерді әзірледі.

 

Халықаралық жобаның жүзеге асуына «Болашақ» бағдарламасының түлектері де үлес қосып отыр. Олардың Оксфорд университетімен қалыптасқан академиялық байланыстары Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік берді.

 

Бағдарлама аясында тіл сабақтарымен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын таныстыруға бағытталған дәрістер, мәдени-ағартушылық кездесулер мен практикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрі, қолөнері мен ұлттық тағамдарымен танысады.

 

Сондай-ақ Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларына танымдық сапарлар ұйымдастыру жоспарланған. Бағдарлама қатысушылары аталған қалалардағы тарихи-мәдени ескерткіштермен, киелі орындармен және сәулет нысандарымен танысады.

 

Бұдан бөлек, Оксфорд университетінің студенттері Ахмет Ясауи университетінде өтетін «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуіріндегі ғылыми трансформация» III халықаралық симпозиумына қатысады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

22/09/2026 09:30
0

Уведомление