Nvidia басшысының Қытай тыңшысымен байланысы: АҚШ-қа қандай қауіп бар

Nvidia компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындады.


09/11/2026
10:02 0

Nvidia басшысымен көңіл жарастырған кәсіпкер әйелді АҚШ арнайы қызметтері Қытай барлауымен байланысы бар деп күдіктенеді. Енді компания бұл қарым-қатынастың құпия ақпараттың таралуына әкелген-әкелмегенін тексеріп жатыр.

 

63 жастағы Дженсен Хуанг пен кәсіпкер Элис Хуангтың қарым-қатынасының әлем назарына ілігуіне The New York Times басылымының материалы себеп болды. Әйел бұған дейін Nvidia чиптерін сатып алатын Сингапурдың Megaspeed компаниясында басшылық қызмет атқарған.

 

Болжам бойынша, ол Nvidia туралы құпия ақпарат жинап, америкалық озық чиптердің Қытайға жеткізілуіне ықпал етуге тырысқан.

 

8 қарашада Дженсен Хуанг қызметкерлеріне хат жолдап, әйеліне опасыздық жасағанын мойындады. Ол әйелі мен балаларынан кешірім сұрап, өз әрекеті үшін жауапкершілікті толық мойнына алатынын жазды.

 

Компанияның директорлар кеңесі тәуелсіз тексеру жүргізуге шешім қабылдады. Nvidia әзірге компания құпиялары мен АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төнді деген негіз жоқ екенін мәлімдеді. Хуанг тергеуге көмектесуге уәде берді. Компания оның бас директор қызметінде қалатынын растады.

 

Жанжал АҚШ Конгресінің де назарын аударды. Республикалық партия өкілдері Хуангтан 18 қарашада жабық отырыста түсініктеме беруді талап етті. Оларды ықтимал тыңшылық әрекетінің америкалық технологияларға қауіп төндіруі мүмкін болғаны алаңдатады.

 

Nvidia жасанды интеллектіні дамытуға қажетті озық чиптер шығарады. АҚШ Қытайдың технологиялық және әскери әлеуетін арттыруына жол бермеу үшін бұл өнімдердің экспортына шектеу қойған.

Поделиться

Нет комментариев.

09/11/2026 10:02
0

Уведомление