NVIDIA басшысының тағы бір жасырын махаббаты әшкере болды
Бұл жолы Хуангтың компанияның денсаулық сақтау бағытына жауапты вице-президенті Кимберли Пауэллмен көңіл жарастырғаны айтылуда.
Бұл жөнінде The New York Times басылымы компанияның бұрынғы қызметкерлеріне сілтеме жасап жазды.
«NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг АҚШ барлау қызметі Қытай тыңшысы деп күдіктенетін әйелмен қарым-қатынасына байланысты тергеуге іліккен. Сонымен қатар ол өзіне тікелей бағынатын басшылық қызметтегі әйелмен де көңіл жарастырған. Мұны компанияда жұмыс істеген бес адам растады», – делінген басылым материалында.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, 63 жастағы Хуанг пен 48 жастағы Пауэллдің екеуі де некеде бола тұра, 2026 жылғы наурызда NVIDIA-ның жыл сайынғы конференциясы кезінде Сан-Хоседегі қонақүйлердің бірінде бірге болған. Олардың жақын қарым-қатынасын куәгер телефонға түсіріп алған. Мұны байқаған Хуангтың күзетшілері әлгі адамды оқшаулап, одан болған жайтты жария етпеу туралы келісімге қол қоюды талап еткен.
Кимберли Пауэлл NVIDIA компаниясында 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ол вице-президент лауазымына дейін көтерілген.
Еске салайық, NVIDIA басшысының есімі екінші рет дауға ілігіп отыр. Бұған дейін Дженсен Хуангтың Megaspeed басшысы Элис Хуангпен тым жақын байланыста болғаны туралы ақпарат тараған еді. Financial Times басылымының жазуынша, олардың арасында іскерлік байланыстан бөлек, романтикалық қарым-қатынас болған. NVIDIA басшысы қызметкерлеріне жолдаған үндеуінде әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, кешірім сұраған.
NVIDIA директорлар кеңесі компания басшысына қарсы ықтимал барлау операциясына қатысты тәуелсіз тергеу жүргізілетінін мәлімдеді. Тексеруді сыртқы заңгерлердің қатысуымен тәуелсіз директорлар жүзеге асырмақ.
Хуангтың екінші көңілдесі жайлы хабардан кейін NVIDIA акцияларының құны бір сәтте 165,26 доллардан 156,46 долларға дейін төмендеген. Астана уақытымен сағат 04:00-дегі жағдай бойынша компания акциялары шамамен 159 доллардан саудаланды.
09:18
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.