NVIDIA басшысы алғаш рет Қазақстанға келді: ол елімізге қандай кеңес берді
Дженсен Хуанг Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында сөз сөйлеп, елдің цифрлық тәуелсіздігі мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелерін қозғады.
NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Қазақстан өз деректерін өзі басқарып, шетелдік технологияларға толық тәуелді болмауы керек екенін айтты. Оның сөзінше, елдің деректерінде халықтың мәдениеті мен құндылықтары көрініс табады.
– Елдің зияткерлік әлеуеті өз деректерінің негізінде қалыптасады. Еліңіздің деректері – ұлттық байлығыңыз. Халқыңыздың мәдениеті мен құндылықтары сияқты іргелі дүниелерді басқа елге беріп, кейін солардың негізінде жасалған жасанды интеллектіні сырттан сатып алудың мәні жоқ, – деді ол.
NVIDIA басшысы жасанды интеллект инфрақұрылымының маңызын электр желілері мен байланыс жүйелерімен салыстырды. Оның пікірінше, болашақта жасанды интеллектінің жұмысын қамтамасыз ететін жабдықтар да әр мемлекет үшін аса маңызды инфрақұрылымға айналады.
– Ел үшін аса маңызды жасанды интеллект инфрақұрылымының түгелдей басқа мемлекеттің қолында болғаны дұрыс емес. Шетелдік технологиялар мен компаниялар ұлттық инфрақұрылымды толықтыра алады. Бірақ оларға толық тәуелді болуға болмайды, – деді Хуанг.
Ол сондай-ақ киберқауіпсіздікті күшейтіп, азаматтарға негізгі цифрлық қызметтерді өз күшімен ұсыну қажеттігін атап өтті.
11:30
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.