Нұртастың шулы концерті: ауыр халдегі қыз, наразы көрермен және қылмыстық іс

Шымкентте Қайрат Нұртас концерті кезінде көрермендер таптап кеткен 18 жастағы қыз ауыр халде жатыр.


11/10/2026
16:16 0

Жансақтау бөлімінде жатыр

 

10 қазан кешке Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртас концерт берді. Концерт кезінде болған кептелісте жас қызды жұрт қағып құлатып, таптап кеткен. Зардап шеккен қыздың әпкесі оның жансақтау бөлімінде алты сағаттан бері жатқанын айтты.

«Адамды жерге құлатып, өлім аузында жатқанша таптайтын қандай надандарсыңдар?! Сіңлімді өлгенше тепкендерің не сұмдық?! Сіңлім 6 сағаттан бері реанимацияда, өмір мен өлімнің арасында жатыр!», - деп жазды зардап шеккен қыздың туысы.

Дәрігерлер не дейді?

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы концерт кезінде 18 жастағы қыздың зардап шеккенін растады. Оған оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген.

«Қазір науқастың жағдайы ауыр. Оған қажетті медициналық көмектің барлығы көрсетіліп жатыр. Дәрігерлердің тұрақты бақылауында», - деп хабарлады басқарма.

Көрермендер наразылығы

 

Концерттен кейін әлеуметтік желілерде көрермендердің шағымы көбейді. Олардың айтуынша, стадионның кіреберісінде адам шамадан тыс көп жиналып, жұрт бірін-бірі қыспаққа алған. Адамдар есінен танып, құлап жатса да, топтың қозғалысы тоқтамаған.

 

Көрермендердің бірі стадионға кешкі сағат 18:00-де келгенін, бірақ тағы бір жарым сағат бойы ішке кіре алмағанын жазды.

«Адамдар есінен танып құлап жатты. Осынша көрерменге лайықты жағдай мүлде жасалмаған. Ақырында қақпаны жауып, енді ешкімді кіргізбейтіндерін айтты. Адамдар тарасын деп үстілеріне су да шашты. Ұйымдастыру жұмысы масқара болды», - деп жазды көрермендердің бірі.

Жұрт концертке билетсіз адамдардың да кіріп кеткеніне наразы. Кейбірі қымбат орындарға билет сатып алғанымен, өздеріне арналған секторларға бөгде адамдар өтіп кеткен. VIP аймағына да кіреберіс жабық болғанына қарамастан, кейбіреулер қоршаудан асып кірген. Көрермендер ақшаға билет сатып алғандарына қарамастан билетсіз кіруге тырысқан адамдардан еш артықшылықтары болмағанына наразы.

 

Қылмыстық іс қозғалды

 

Шымкент қалалық полиция департаменті қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

 «Концертті ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, олардың әрекетіне заңды баға беріледі», – деп хабарлады тәртіп сақшылары.

Айта кетейік, концертті Show Service компаниясы ұйымдастырған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

11/10/2026 16:16
0

Уведомление