Нұрқанат Серікбаев Хорватиядағы Гран-при жеңімпазы атанды

66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен дзюдошы төрт кездесуде де қарсыластарынан басым түсті.  


14/11/2026
10:00 0

Қазақстандық дзюдошылар Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирін сәтті бастады. Жарыстың алғашқы күнінде ұлттық құрама үш медаль – бір алтын және екі күміс жеңіп алды.

 

Күннің басты жеңімпазы 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Нұрқанат Серікбаев болды. Қазақстандық спортшы алтын медальға жету жолында Аргентина, Бразилия, Португалия және Италия өкілдерін жеңіп, төрт кездесуде де қарсыластарынан басым түсті.

 

Финалда Серікбаев бразилиялық Рональд Лимамен белдесіп, иппон әдісін сәтті орындап, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Осылайша Қазақстан қоржынына турнирдегі алғашқы алтын медаль түсті.

 

48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ғалия Тынбаева чемпиондық атақ үшін италиялық Ассунта Скуттомен белдесті. Алайда қарсыласынан басым түсе алмай, турнирді күміс жүлдемен аяқтады.

 

Тағы бір күміс медальді 60 келіге дейінгі салмақта Аман Бақытжан жеңіп алды. Оның финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Ян Юнвэймен өткізген белдесуі аса тартысты болды.

 

Бақытжан бастапқыда есепте алға шыққанымен, қарсыласы таразы басын теңестіріп, кездесуді қосымша уақытқа ұластырды. Белдесу жеті минуттан астам уақытқа созылды. Алайда қазақстандық спортшы үшінші рет «шидо» ескертуін алып, жеңіліп қалды.

Поделиться

Нет комментариев.

14/11/2026 10:00
0

Уведомление