Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері Нави Пиллэй кім?
Сыйлық Оңтүстік Африкада туған үндістандық заңгерге «бейбітшілікті нығайтуға және халықаралық құқық нормаларын орнықтыруға қосқан үлесі үшін» берілді.
Нәсілдік бөлінуге қарсы күрескен заңгер
85 жастағы Наванетхем (Нави) Пиллэйдің кәсіби жолы адамзатқа ортақ құқықтық қағидаттарға адалдығымен және берік моральдық ұстанымымен ерекшеленеді. Оңтүстік Африканың Дурбан қаласында тамил отбасында дүниеге келген ол апартеид дәуірінде өсіп, қоғамдағы кемсітушілікке, нәсілдік бөлінуге және әлеуметтік оқшаулауға қарсы күрескен заңгер ретінде танылды.
Пиллэйдің бүкіл мансабын адам құқықтарын қорғау мақсаты біріктіреді. Ол еңбек жолының алғашқы кезеңінде Нельсон Мандела мен апартеидке қарсы күрескен өзге де азаматтардың құқығын қорғады. Кейін халықаралық деңгейдегі маңызды сот процестеріне қатысып, әділдік орнатуға үлес қосты.
Халықаралық құқықты нығайтуға қосқан үлесі
Пиллэй халықаралық құқықтың аясын кеңейтіп, оның ықпалын арттыруға елеулі үлес қосты. Ол Оңтүстік Африканың Жоғарғы сотында, Руанда жөніндегі халықаралық қылмыстық трибуналда және Халықаралық қылмыстық сотта судья болды. Сондай-ақ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарды.
Қазір ол Мьянмаға қарсы геноцид туралы іс қаралып жатқан БҰҰ-ның Халықаралық сотында судья қызметін атқарады. Пиллэй халықаралық деңгейдегі маңызды сот процестері арқылы құқықтық тетіктердің соғыс пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға ықпал ете алатынын көрсетті.
Ол халықаралық құқық институттарын нығайтуға да атсалысты. Тәуелсіздігі, кәсібилігі мен табандылығының арқасында қазіргі заманның беделді халықаралық заңгерлерінің біріне айналды.
Нобель комитеті биылғы Бейбітшілік сыйлығын беру арқылы ұлттық және халықаралық деңгейде заң үстемдігі бейбітшілікті сақтауға әрі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге негіз болатынын әлемге тағы бір еске салуды көздейтінін мәлімдеді.
Комитеттің пікірінше, әділдік орнамайынша, бейбітшілік те болмайды. Тарих заң үстемдігі сақталмаған қоғамдағы бейбітшіліктің әділетсіз, ақылға қонымсыз әрі адамгершілікке жатпайтынын көрсетті. Сондықтан қоғамдық тәртіп пен бейберекеттіктің арасындағы нәзік шекараны қорғайтын судьялар ерекше құрметке лайық.
«Бүгінде судьялар санкцияға ұшырап, олар басқаратын институттар қысымға тап болып отыр. Мұндай кезеңде бізге батылдық, көрегендік пен табандылық таныта алатын тұлғалар қажет. Нави Пиллэй судья ретіндегі қызметінде осы қасиеттерін үнемі көрсетіп келеді», – делінген Нобель комитетінің мәлімдемесінде.
Геноцидке қатысты тарихи шешімдер
Пиллэй мемлекеттер мен олардың басшыларын жауапкершілікке тартуға күш салып, зорлық-зомбылық пен қақтығыстан зардап шеккен адамдарға үміт сыйлады. Қай қызметте жүрсе де, ол жеке тұлғалар да, мемлекеттер де заң үстемдігі қағидаттарын сақтауға міндетті екенін үнемі айтып келеді. Сондай-ақ осы саладағы құқықтық нормалар мен қағидаттардың қалыптасуына елеулі үлес қосты.
Руанда жөніндегі халықаралық қылмыстық трибуналда жұмыс істеген кезінде Пиллэй зорлау мен жыныстық зорлық-зомбылықты геноцидпен қатар адамзатқа қарсы қылмыс ретінде қарастыруға жол ашқан тарихи шешімге үлес қосты.
Сол сот процесінде тағы бір маңызды құқықтық прецедент қалыптасты: айыпталушыға тек үгіт-насихат тарату арқылы геноцидке арандатты деген айып алғаш рет тағылды. Бұл шешім халықаралық қылмыстық құқықтың дамуына ықпал етті.
Пиллэй халықтар арасындағы ынтымақты нығайтуға да үлес қосып келеді. Ол бейбітшілік пен әділдікке қол жеткізу үшін халықаралық трибуналдарды пайдаланудың маңызын дәйекті түрде насихаттап, қазіргі бейбіт келіссөздер мен конференцияларға бағыт-бағдар беріп келеді.
Нави Пиллэй – бүгінгі заманның халықаралық құқық қағидаттарын қорғаушы көрнекті тұлғаларының бірі.
«Оның жарқын кәсіби жолы заң үстемдігін жаһандық деңгейде қолдау, нығайту және аясын кеңейту қажеттігін еске салады. Нави Пиллэйдің әділдік пен адам қадір-қасиетіне адалдығы бейбіт болашақ құруға ұмтылған баршаға үміт пен шабыт береді», – деп түйіндеді Нобель комитеті.
11:28
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.