Небәрі 5 қазақстандық тұрады: қай елдерде референдум учаскесі ашылмайды?
Бастапқыда 62 елде 82 референдум учаскесі ашылады деп жоспарланған. Алайда кейіннен екі елде учаске ашылмайтын болды.
Екі елде сайлау учаскесі ашылмайды
Орталық референдум комиссиясы отырысында дауыс беру ережелері, учаскелердің дайындығы жайлы ақпарат берілді.
Отырысқа қатысқан сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, референдум кезінде Украина мен Эфиопияда дауыс беру учаскелері ашылмайды.
Бастапқыда 62 елде 82 референдум учаскесі ашылады деп жоспарланған. Алайда кейіннен екі елде учаске ашылмайтын болды. Украинада референдум учаскесін ашпау туралы шешім елдегі жағдайға байланысты қабылданған. Бұл елде бастапқыда 500 қазақстандық бар болса, кейінгі уақытта бірқатары басқа елге шығып кеткен.
Ал Эфиопияда небәрі бес қазақстандық бар. Сол себепті учаске ашпау туралы шешім қабылданған.
Таңдау жасағанда қарындаш қолдануға болмайды
Ал Орталық референдум комиссиясы мүшесі Азамат Мақсұтұлы референдуда дауыс берудің негізгі ережелеріне тоқталды. Оның сөзінше,
таңдау жасаған кезде қарындаш қолдануға болмайды. Сондай-ақ өз бетінше дауыс бере алмайтын азаматтар сенімді адамның көмегіне жүгіне алады.
Айтуынша, бюллетень жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырылады. Азамат оны жеке толтыруы керек.
Отбасыда сырқат адамның дауыс беруін қамтамасыз ету үшін туыстары 15 наурыз сағат 12:00-ге дейін жазбаша өтініш беруге тиіс. Сондай жағдайда азамат үйінде референдум комиссиясының екі мүшесі жіберіледі.
Азаматтар есептен қалай шығады?
Комиссия мүшесінің айтуынша, тұратын жерін өзгерткен азаматтар «есептен шығу» арқылы референдумға қатыса алады.
«Дауыс беруге 15 күн қалғанда және дауыс беруден бір күн бұрын кешкі сағат 18:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының жазбаша өтініші бойынша және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушыға «есептен шығару» құжаты беріледі.
«Есептен шығару» туралы құжат бір елді мекен ішіндегі басқа референдум учаскесінде дауыс бергісі келетін азаматтарға берілмейді.
Азаматтар бұл құжатты алдын ала алуға құқылы. Құжат сенімхат арқылы да беріледі.
Референдум қандай жағдайда өткізілді деп саналады?
Референдумға қатысуға құқылы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан жағдайда референдум өткізілді деп саналады.
«Егер дауыс беру нәтижесінде референдумға шығарылған мәселе бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісіне дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі», – деді Азамат Мақсұтұлы.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтары жаңа Конституция жобасы бойынша шешім қабылдауы үшін елімізде және шет мемлекеттерде 10 411 учаске ашылады.
15:40
26
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.