Популярные тэги

Мырзалар мойындаған бес ханым: Әйелдерді билікке беттетпейтін қай әкімдер?

Қазақстанның 17 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қаласын басқарып отырған 20 әкімнің төртеуі ғана әйелдерді билікке тартқан. Олар кімдер?


23/02/2026
10:31 69 0

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның ұсталғаны, ҰҚК тарапынан тергеліп жатқаны жайлы хабар ақпарат құралдарын тегіс елең еткізді. Елде мұндай жоғары лауазымды атқаратын әйелдер саусақпен санарлық болған соң, олардың оқыс қадамы елеусіз қалмайтыны белгілі.

 

Ресми органдар мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдардағы әйелдердің жалпы үлесі 39,1%-ға жетті деп есеп берді. Алайда билік буындарындағы әйел басшыларды жіпке тізсек, біздің есеп шенеуніктердің есебін маңайлай қоймайды.

 

Masa media тілшісі 17 облыс, 3 республикалық маңызы бар қала әкімдері мен олардың орынбасарларын, Үкіметтегі 21 министр мен олардың орынбасарларын, Парламенттің қос палатасындағы депутаттарды түгендеп, олардың арасында қанша ханым барын анықтады.

 

Облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары

 

Қазақстандықтар Қызылорда облысын аз уақыт басқарған Гүлшара Әбдіқалықовадан басқа облыс әкімі болған әйел затын білмейді. Ал облыс әкімдерінің орынбасарларына келсек, осыдан екі жыл бұрын мұндай лауазымды атқаратын үш-ақ ханым болды. Оның бірі – күні кеше ұсталған Мұсағазина болса, өзге екеуі қызметінен әлдеқашан қош айтысқан.

 

Ал қазір 17 облыс пен Алматы, Астана, Шымкент әкімдіктерінде әкімнің орынбасары қызметін атқаратын бес-ақ әйел бар. 20 әкімнің әрқайсында 4-5 орынбасардан барын, бір-екеуі ғана үш орынбасарды місе тұтқанын ескерсек, 90-ға тарта орынның небәрі бесеуі нәзік жандыларға бұйырғаны – нонсенс.

 

Ахметжановтың орынбасары

 

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың бес орынбасарының біреуі әйел – Алтынай Әміренова. 53 жаста. Еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастаған. 2000 жылдардың басынан бері мемлекеттік қызметте адал еңбек еткен. Степногорск, Көкшетау қаласы әкімдіктерінде бөлім басшысы, әкімнің орынбасары болған. Қазіргі қызметіне тағайындалғанға дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болды.  Бүгінде Ахметжановтың әлеуметтік жұмыс бойынша орынбасары.

 

 

Қарашөкеевтің орынбасары

 

Әрқайсы 5 орынбасардан ұстайтын Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері айналасына тек ер азаматтарды жинаған. Ал Жамбыл облысының әкімі  Ербол Қарашөкеев өзіне тікелей бағынышты 5 шенеуніктің бірі әйел болғанын құп көріпті. Жай әйел емес, Қазақстанның бұрынғы бас санитары, экс-вице-министр Айжан Есмағамбетова. Ол қазір Жамбылда әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық салаларына жетекшілік етеді.

 

 

Байхановтың қарамағындағы ханымдар

 

Әйелдерді басшылық лауазымға тарту жөнінен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов көш бастап тұр. Оның төрт орынбасарының екеуі әйел: Айгүл Маликова және Әйгерім Қабылтаева.

 

Айгүл Маликованың еңбек жолы Павлодар мектептерінде мұғалімдіктен басталған. Кейін мектеп директоры болған, қалалық білім бөлімі мен әкім аппаратында басшылық қызметтер атқарған. Қазіргі қызметіне тағайындалғанға дейін  «AMANAT» партиясының ПОФ атқарушы хатшысы болды. Байханов Маликоваға ақпарат және қоғамдық даму, дін істері, білім, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт салаларына жетекшілік етуді жүктеген.

 

 

Әйгерім Қабылтаева Павлодар облысының әкімдігінде табан аудармай ұзақ жыл еңбек еткен мемлекеттік қызметкер. Қоршаған ортаны қорғау басқармасында, кейін облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары департаментінде басшылық қызметтер атқарған.

 

 

Байхановтың орынбасары болғанға дейін Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы болды. Бүгінде ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық даму, қоршаған орта және су ресурстары, жер қатынастары салаларына жетекшілік етеді.

 

Ұлытау әкімінің орынбасары

 

Дастан Рыспековтың небәрі үш орынбасары бар. Оның біреуі әйел – Зина Ақылбекова. 39 жаста. Сәтбаев қаласы әкімдігінде жүріп мемлекеттік қызметке әбден төселген. Кейін Жезқазған әкімдігінде шыңдала түскен. Әкімдіктің ішкі саясат бөлімін, білім, дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарған. Қала әкімінің орынбасары да болған. 2024 жылдың тамызынан бері Ұлытау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарады.

 

 

Үкіметтегі ханымдар

 

ҚР Үкіметіндегі 21 министрдің небәрі үшеуі әйел: Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

 

21 министрдің әрбірінде төрт немесе бес орынбасардан бар. Яғни Үкіметте орта есеппен 90 шақты вице-министр бар десек, соның 10-ы ғана әйел.

 

Әйел министрлердің үшеуінің де қарамағында вице-министр ханымдар бар. Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова да БАҚ өкілдеріне жақсы таныс. Ал Жұлдыз Сүлейменованың бір емес, екі орынбасары әйел: Майра Мелдебекова және Шынар Ақпарова.

 

 

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің оң қолы – бірінші вице-министр Айжан Бижанова, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Нағаспаевтың орынбасары Жәннат Дүбірова да Үкіметте салмағы бар ханымдар.

 

Тағы үш ведомствода әйел вице-министрлер бар: Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Виктория Шегай, Әділет министрінің орынбасарлары Лаура Мерсалимова және Ботагөз Жақселекова.

 

Парламенттегі әйелдер

 

Елдің қазіргі парламентінің өкілеттігі аяқталар шақ таяды. Алайда Құрылтай құрылғанша тағдыршешті шешімдердің қабылдануына қазіргі депутаттар тікелей ықпал етеді.  Сондықтан Сенат пен Мәжіліс құрамындағы әйелдерге тоқталмай кете алмаймыз.

 

 

Дәл қазір Сенатта 49 депутат болса, соның 10-ы әйел. Ал Мәжілістегі 97 депутаттың 17-сі ханымдар. Екі палатада да төрағаның екі орынбасарының бірі әйел: Мәулен Әшімбаевтың орынбасары Ольга Перепечина және Ерлан Қошановтың орынбасары Дания Еспаева.

 

Поделиться

Нет комментариев.

23/02/2026 10:31
69 0

Уведомление