Мәсімов пен Келімбетовтің Эпштейнмен байланысы: депутат шындықты ашуды талап етті
Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Қазақстанның бұрынғы және қазіргі шенеуніктерінің атышулы америкалық қылмыскер Джеффри Эпштейнмен байланысын тексеруді талап етті.
Депутаттың талабы
Шенеуніктерге жолдаған депутаттық сауалында Рахымжанов бұл тақырыпты жылы жауып қоюға болмайтынын айтты.
«Қазақстан азаматтары ел тағдыры кімдердің қолында болғанын және ол беделі күмәнді жабық ортада саудаға салынған жоқ па – соны білуге құқылы. Мысалы, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов жазбаларда кемінде сегіз рет аталады. Сол жазбалардан Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныс болғаны аңғарылады. Тағы бір мысал: шетелдік БАҚ Джеффри Эпштейн мен Кайрат Келімбетовтің Нью-Йоркте бірге демалғанына назар аударды. Еске салайын, сол кезеңде Келімбетов премьер-министрдің орынбасары болып, Ұлттық банкті басқарған еді. Сонда Келімбетовке бұл кездесулер не үшін қажет болды? Әлде оларды өз мүддесіне сай Эпштейннің өзі ұйымдастырды ма?» – дейді мәжілісмен.
Эпштейннің Қазақстанға келуі
Депутаттың айтуынша, хат алмасуларда Мәсімов пен Келімбетовтің Эпштейнмен байланыстары мен кездесулері талқыланып, жеке сәлемдер жолданғаны және түрлі ортақ іс-шаралар сөз болғаны айтылады. Сондай-ақ аты аталмаған өзге адамдар да кездеседі. Мысалы, мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты жоғары лауазымды генерал туралы айтылған.
«Бұл кім болуы мүмкін? Бәлкім, ол тағы да сол Мәсімов шығар? Бұдан бөлек, жария болған құжаттардан Эпштейннің Қазақстанға бірнеше рет келгені байқалады. Оның үстіне, бұл файлдарда біздің елдегі барлық байланыстары толық көрсетілмеуі де мүмкін. Осы дауға қатысты халықаралық жарияланымдарда АҚШ-та қайғылы жағдайда қаза тапқан қазақстандық модель Руслана Коршунованың есімі де аталады. Мұндай тұлғамен қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктердің қандай да бір байланысы болғаны көптеген сұрақ туғызады: Джеффри Эпштейн Қазақстанға не үшін жиі келген? Ол сол кездегі қай шенеуніктермен байланыста болған? Құпия ақпараттың сыртқа шығуына жол берілген жоқ па?» – деп сұрақты төтесінен қойды депутат.
Рахымжанов Бас прокуратура мен ҰҚК-ден «Эпштейн файлдарында» аты аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен олармен байланысты адамдар туралы ақпаратты тексеруді сұрады. Сондай-ақ бұл кездесулердің сипаты мен мақсатын анықтауды талап етті.
«Қазақстан аумағында немесе шетелде өзге қазақстандық саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және шоу-бизнес өкілдерінің Джеффри Эпштейнмен байланысы болды ма – соны да анықтау қажет. Ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерге құқықтық баға берілуі тиіс. Соның ішінде шенеуніктердің беделіне нұқсан келу қаупі, құпия ақпараттың, тіпті мемлекеттік құпиялардың жария болу тәуекелі де қарастырылуы керек. Тексеру нәтижелері мен болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қабылданған шаралар туралы парламент пен қоғамға хабарлау қажет», – деді депутат.
Оның сөзінше, жарияланған құжаттарда «Ескі Қазақстан» кезеңінде жоғары мемлекеттік қызметтер атқарған саяси элита өкілдері де аталады. Мұндай деңгейдегі шенеуніктердің моральдық келбеті мен жеке байланыстары – жеке өмір мәселесі емес, елдің қауіпсіздігі мен халықаралық беделіне қатысты мәселе.
Эпштейн ісі
Еске салайық, Джеффри Эпштейннің ісі – ХХІ ғасырдың ең даулы оқиғаларының бірі. 2008 жылы кәмелетке толмағандарды жыныстық зорлық-зомбылық және оларды адам саудасына тартты деген айыппен сотталған Эпштейн 2019 жылы Нью-Йорк түрмесінде қайтыс болғанымен, оның артында қалған материалдар әлемді әбден дүрліктірді. АҚШ Әділет министрлігі 2025-2026 жылдары «Эпштейн ісі» деп аталатын миллиондаған құжатты, видеоны және суретті жариялап, қоғамға бұрын жасырылып келген деректерді ашық таныстырды.
Эпштейн файлдары – бұл адам саудасы, жыныстық қанау және ықпалды тұлғалармен байланыстар туралы 3 миллионнан астам парақ құжат, 2000-ға жуық бейне және 180 000-нан астам суреттердің жиынтығы. Жарияланған материалдардың ішінде Эпштейн мен оған жақын адамдардың қарым-қатынасы, бизнес және саяси элита арасында жүріп жатқан өзара байланыстардың кейбірі көрінеді.
13:35
43
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.