Митиңдер мен мимозалар: Әлем әйелдер күнін қалай тойлайды
Қазақстандық арулар үшін көктемнің жаршысы саналатын мереке әлемнің өзге мемлекеттерінде қандай мәнге ие?
Мерекенің пайда болу тарихы
Халықаралық әйелдер күні – әлем елдерінің көпшілігіне ортақ ең әдемі мерекелердің бірі. Қазақстандықтар әсем гүлдермен, жүрекжарды құттықтаулармен байланыстыратын бұл мейрамның тарихы әйелдердің өз құқықтары үшін күресінен басталады.
1857 жылы 8 наурызда Нью-Йоркте тоқыма фабрикаларының жұмысшы әйелдері бас көтеріп, шеруге шықты. Наразылық акциясын бастаған әйелдер 10 сағаттық жұмыс күнін, жалақыны ерлердің айлығымен теңестіруді талап етіп, өз құқықтары үшін алғаш рет көшеге шығып күрескен еді. Жұмысшы әйелдердің жанайқайынан кейін алғашқы әйелдер кәсіподағы құрылды.
Арада жарты ғасыр өткен соң, 1908 жылы ақпанның соңында Нью-Йоркте социал-демократиялық әйелдер ұйымының үндеуімен 15 мыңға тарта әйел митиңге шығады. Олар қойған басты талап – еңбек саласында ерлер мен әйелдердің құқығын теңестіру, яғни, жұмыс күнін қысқартып, әйелдердің жалақысын көтеру, сондай-ақ нәзік жандарға сайлауда дауыс беру құқығын беру.
1910 жылы Копенгагенде екінші Халықаралық социалист әйелдердің конференциясы өтті. Осы жиында АҚШ делегаттары белгілі немісі коммунисі Клара Цеткинмен кездеседі. Цеткин конференцияда қоғам назарын әйелдер проблемасына аударып, халықаралық әйелдер күнін бекітуді ұсынады. Цеткин бастамасын конференцияға қатысқан 17 елден 100-ден астам әйел қолдады. Алайда атаулы күннің нақты датасы белгіленбеген.

Клара Цеткин мен Роза Люксембур
Алғаш рет экономикалық және саяси құқықтар үшін күресте әйелдердің ынтымақтастық күні 1911 жылы 19 наурызда өткізілді: Австрия, Германия, Дания және Швейцарияда бір миллионнан астам әйелдер мен ерлер қатысқан митиңдер өтті. 1912 жылы бұл мемлекеттерде әйелдер мерекесі 19 наурызда емес, 12 мамырда атап өтті.

Фото: Museum of London/Heritage Images/Getty Images
1914 жылы әйелдер күні 8 наурызда әлемнің бірден 8 елінде – АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Дания, Германия, Нидерланды, Ресей мен Швейцарияда мерекеленді. Бұл күн 1857 және 1908 жылдары 8 наурызда өткен АҚШ-тағы тоқыма фабрикаларының жұмысшыларының ірі ереуілдерін еске алу үшін таңдалды деп саналады.
Біріккен ұлттар ұйымы 1975 жылды – Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, 8 наурызды ресми түрде мереке етіп бекітті. Уақыт өте келе бұл мейрам саяси бояуын жоғалта бастады.
КСРО-дағы 8 наурыз
КСРО-да Халықаралық әйелдер күні революциядан кейін, әйелдер сайлауға қатыса бастаған кезеңнен бастап дами бастады. 1921 жылы мереке мемлекеттік деңгейде бекіді. Сол уақыттан бастап Кеңес Одағында әйелдер кәсіподақтары, комитеттері мен ұйымдары құрылып, әйелдердің құқықтары мен бостандықтарына назар аударылды.
1965 жылы КСРО жоғарғы кеңесінің төралқасы 8 наурызды жұмыс істемейтін күн деп жариялады, және мереке гендерлік сипатқа ие бола бастады. Газеттерде мерекеде белсенділік көрсеткен жұмысшылардың суреттері жарияланды.
Қазақстандағы әйелдер күні
Қазақстанда 1923 жылы 8 наурыз мерекесі Халықаралық еңбекші әйелдер күні болып бекітілді. Жалпы мереке алғаш рет Кеңес Одағының құрамында болған кезде ресми түрде атап өтіле бастады.

фото: Ақорда
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда мереке сақталып, ұлттық деңгейде атап өтілетін мейрамдар тізімінде қалды. Елде мерекеге орай түрлі мәдени шара, концерт пен салтанатты жиын ұйымдастырылады. Сонымен қатар білім беру мекемелері мен еңбек ұжымдарында әйелдердің еңбегі мен жетістіктеріне арналған кездесулер мен марапаттау рәсімі өтеді. Әсіресе, көпбалалы аналарды, қоғам өміріне белсенді үлес қосып жүрген әйелдерді марапаттау дәстүрі кең таралған.
Әлем елдерінің мерекелік дәстүрлері
Әр елде бұл күн өзіндік ерекшелігімен аталып өтеді. Мысалы, Италияда ер адамдар әйелдерге мимоза гүлін сыйлайды. Әйелдер құрбыларымен жиналып, мейрамханаларға барады.
Қытайда әйелдерге түстен кейін демалыс беріледі, бірақ бұл күн айтулы мереке ретінде саналмайды.

фото: Cheng Quan/XinHua/Global Look Press
Арменияда КСРО ыдырағаннан кейін кеңестік мерекелер тізімі жойылып, 7 сәуір Ана мен сұлулық күні болып белгіленді. Бірақ әйелдерді 8 наурызда құттықтау әдеті сақталып қалды, нәтижесінде армян әйелдерінде екі мереке бар.
АҚШ-та Халықаралық әйелдер күні ретінде танылады, бірақ көбі оны атап өтпейді. Белсенділер әйелдер құқықтары мен теңдік тақырыбында шерулер ұйымдастырады.
Түркіменстанда 8 наурызды тойлау 2008 жылы қайта жалғасты. Ел Президентінің атынан барша қыз-келіншектерге ақшалай сыйлықтар үлестіріледі, ал мерекені бүкіл халық тойлайды.

Вьетнамда заманауи мереке ежелгі Чынг есімді апалы-сіңлілерді еске алу күнімен бірге аталып өтеді. Оның екі мың жылдық тарихы бар және Қытай басқыншылығына қарсы көтеріліске шыққан ержүрек қатысушыларына арналған.
Францияда 8 наурызды Journée internationale des droits des femmes – «Әйелдер құқықтарының халықаралық күні» ретінде кеңінен атап өтеді. Іс-шараның дені гендерлік теңдік, әйелдердің тарихтағы, спорттағы, мәдениет пен ғылымдағы рөліне арналады.
Германияда ұзақ уақыт бойы 8 наурыз кең көлемде аталып өткен жоқ. Кейінгі онжылдықта мерекеге деген көзқарас өзгерді. Қазіргі кезде кейбір жұмыс берушілер әйел қызметкерлерді құттықтап, шағын сый ұсынып, қысқартылған жұмыс күнін енгізе бастады.
02:51
40
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.