Microsoft өз қызметкерлерін қысқартудың тың тәсіліне көшті

Microsoft корпорациясы төрт елдегі қызметкерлеріне арнайы шарттармен еңбек шартын бұзуды ұсынды.


27/10/2026
07:34 0

Verge басылымының жазуынша, ерікті түрде жұмыстан кету бағдарламасы Microsoft бизнесінің бірнеше негізгі бағытын қамтиды. Олардың қатарында Windows операциялық жүйесін әзірлеу, Xbox ойын бөлімшесі және Copilot жасанды интеллект қызметтері бар. Сондай-ақ ұсыныс қаржы және кадр қызметтерінің мамандарына да қатысты.

 

Бағдарламаға қатысу мүмкіндігі шамамен 60 мың қызметкерге берілген. Алайда бұл компаниядан кетуі жоспарланған адамдардың саны емес, ұсынысты қабылдай алатын қызметкерлердің жалпы саны.

 

Өз еркімен жұмыстан кетуге келіскен мамандарға Microsoft қаржылай өтемақы беріп, әрі қарай мансабын жоспарлауға көмектесуге уәде етеді. Өтемақы шарттары елге және еңбек келісімінің талаптарына қарай өзгеруі мүмкін. Дегенмен бағдарлама компанияның барлық бөлімшесін қамтымайды. Атап айтқанда, маркетинг, ақпараттық қауіпсіздік және коммерциялық бағыттағы кейбір топтардың қызметкерлеріне бұл ұсыныс жасалмаған.

 

Компания бағдарламаны пайдалану-пайдаланбау туралы шешімді қызметкерлердің өздері қабылдайтынын атап өтті. Оған қатысу мүмкіндігі адамның жасына, Microsoft-та қанша уақыт жұмыс істегеніне немесе еңбек тиімділігінің жеке көрсеткіштеріне байланысты емес.

 

Бұл бастама Microsoft бұған дейін штат қысқартқаннан кейін қолға алынды. Сол кезде корпорация шамамен 4,8 мың қызметкерін жұмыстан босатқан еді. Енді компания кадр санын өзгертудің басқа тәсілін ұсынып отыр: қызметкерлер өз еркімен кетіп, өтемақы алады.

 

Microsoft алдағы уақытта осындай бағдарламаларды қайта іске қосу мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Мұндай шешімдер жекелеген бөлімшелердің қажеттілігіне және бизнесті ұйымдастырудағы өзгерістерге байланысты қабылданады.

Поделиться

Нет комментариев.

27/10/2026 07:34
0

Уведомление