Мектептегі оқу тәртібі: не өзгереді және бұл кімдерге қатысты?
Қазақстан мектептерінде оқушылардың білімін бағалау ережелері өзгереді.
Не өзгереді?
17 қыркүйекте Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізді.
Атап айтқанда, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алушылардың оқу жетістіктерін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгілік қағидаларына бірқатар нақтылау енгізілді.
Егер 11 (12)-сынып оқушысы оқу жылы бойынша қосымша жиынтық бағалаудан «2» деген баға алса, ол қорытынды аттестаттауға жіберілмейді және оған анықтама беріледі.
Мектептердің түрлері мен ұғымдары нақтыланды
Орта білім беру ұйымдарының – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектептердің қызметін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларында бірқатар ұғым жаңа редакцияда берілді.
Арнайы мектеп – мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін арнайы жағдай жасайтын, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы.
Әскери мектеп-интернат – жалпы орта білім берумен қатар, тереңдетілген әскери қызметке дейінгі және дене дайындығына арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын, кейінгі білім беру деңгейлерінде әскери-техникалық мамандықтар бойынша оқуын жалғастыруға мүмкіндік беретін білім беру ұйымы. Ол негізгі орта білімді аяқтаған, медициналық тексеру нәтижелері бойынша тиісті талаптарға сай келетін 15-16 жастағы ер балаларды конкурстық негізде қабылдайды.
Бастауыш мектеп – бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы.
Бейінді мектеп – жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын оқу орны.
Гимназия – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын, білім алушылардың бейімі мен қабілетіне сәйкес қоғамдық-гуманитарлық және өзге де бағыттар бойынша кеңейтілген әрі тереңдетілген білім беретін оқу орны.
Жалпы білім беретін және кешкі мектептер жанындағы оқу-консультациялық пункт – жергілікті басқару органдарының шешімімен кәсіпорындарда, мекемелерде және білім беру ұйымдарында құрылатын, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген орта білімді мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес алуға мүмкіндік беретін пункт.
Жалпы білім беретін мектеп – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламаларын, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, арнайы оқу және жеке дамытушы бағдарламаларды, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы.
Жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернат – тиісті жалпы білім беретін мектебі жоқ елді мекендерде тұратын білім алушылардың жалпы орта білім алуын қамтамасыз ететін білім беру ұйымы.
Желілік мектептер – орналасқан жеріне қарамастан, бірыңғай мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын орта білім беру ұйымдары.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернат – мемлекеттік жәрдемақы алатын отбасылардың балаларын, мемлекеттік әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардың балаларын, сондай-ақ табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларын жалпы орта біліммен қамтамасыз ететін білім беру ұйымы. Мұндай ұйымдар отбасыға тұрмыс жағдайы, еңбек жағдайы, ата-аналардың немесе олардың орнындағы адамдардың денсаулығына байланысты мәселелер бойынша да көмек көрсетеді.
Қосымша білім беру орталығы бар мектеп – құрылымдық бөлімшесі ретінде қосымша білім беру орталығы жұмыс істейтін жалпы білім беретін орта мектеп.
Лицей – негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын, білім алушылардың бейімі мен қабілетіне сәйкес жаратылыстану-математикалық бағытта кеңейтілген әрі тереңдетілген білім беретін оқу орны.
Мектеп-интернат – халық саны аз елді мекендерде тұратын білім алушылардың жалпы орта білім алуын қамтамасыз ететін білім беру ұйымы.
Мектеп-интернат-колледж – жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуды қамтамасыз ететін, білім алушыларға тұратын орын ұсынатын дербес заңды тұлға.
Негізгі мектеп – бастауыш және негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы.
Санаторлық мектеп-интернат – білім алушылардың белгіленген режимді сақтай отырып жалпы орта білім алуын, қалпына келтіру емін, медициналық оңалтудан өтуін және демалуын, сондай-ақ туберкулездің алдын алуға бағытталған емдік-профилактикалық шараларды қамтамасыз ететін білім беру ұйымы.
Бұдан бөлек, бірқатар қағидаға басқа да өзгерістер енгізілді. Бұйрық 2026 жылғы 4 қазаннан бастап күшіне енеді.
фото:ЖИ
12:33
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.