Мәдени байланыстың жаңа деңгейі: Сеулде қазақ киносы күндері басталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Сеулде Қазақстан киносы күндері басталды.
Корея көрерменіне ұсынылған қазақ фильмдері
Кореялық көрерменге «Томирис», «Паралимпиец» және «Алматы, мен сені сүйемін» фильмдері ұсынылды.
Бұл туындылар Қазақстанның сан қырлы болмысын танытады. «Томирис» тарихи драмасы Ұлы дала мұрасын арқау етсе, «Алматы, я люблю тебя» заманауи қаланың тыныс-тіршілігін көрсетеді. Ал «Паралимпиец» өмірдің ауыр сынақтарына мойымай, қиындықтарды еңсере білген жанның тағдырын баяндайды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Корея мәдениет қауымдастығының президенті Самуэль Чон, сондай-ақ Қазақстанның кино саласының өкілдері қатысты.
Екі ел арасындағы шығармашылық байланыс
Кино өнері – екі елдің мәдени байланысындағы маңызды бағыттардың бірі. Қазақстандық фильмдер Корея Республикасында өтетін ірі халықаралық кинофестивальдердің бағдарламасынан тұрақты орын алып келеді. Мәселен, 2025 жылы режиссер Жаннат Әлшанованың «Победителей видно на старте» фильмі Пусан халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына енді.
Шара аясында Қазақстанның кино саласының өкілдері кореялық көрерменмен кездесіп, фильмдердің түсірілу тарихы мен еліміздегі кино өнерінің дамуы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ тараптар екі елдің кино мамандары арасындағы кәсіби және шығармашылық байланысты одан әрі кеңейтудің мүмкіндіктерін талқылады.
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
10:25
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.