«Мажорлардың уақыты өтті»: ел полициясында «жаппай тазарту» жүргізілуі мүмкін
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік апаттан кейін ІІМ жүйесінде кең ауқымды тазарту жүргізілуі керек деп есептейді.
Депутаттың мәлімдемесі
Мәжілісменнің айтуынша, бір қаламен шектелмей, бүкіл республика бойынша полицейлердің жұмысын тексеру керек.
«Ішкі істер органдарында кең ауқымды тазарту жүргізу қажет сияқты. Біз барлық бейнебақылау камераларын қайта қарап шығуымыз керек. Жұмыстан бір-екі лауазымды тұлғаны шығару – мәселенің шешімі емес. Мен өзім Алматыда, Әл-Фараби көшесінің бойында тұрамын, күн сайын спорткарлар мен қымбат көліктер зулап өтеді, бірақ олардың айыппұл алғанын да, жауапқа тартылғанын да көрмейміз. Сондықтан Ішкі істер органдарында кең ауқымды тазарту керек. Бұл тек Алматы емес, бүкіл Қазақстан бойынша жүргізілуі тиіс», – деді Базарбек парламент кулуарында.
Депутаттың сөзінше, бай-бағландардың балаларына «қамқорлық» көрсететін лауазымды адамдар бар.
«Мұндай «мажорлар», яғни жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары, ықпалды бизнесмендердің ұл-қыздары кейде құқық қорғау органдарындағы кейбір лауазымды адамдардың «қамқорлығында» болады. Бұл тек Алматыда емес, басқа өңірлерде де бар. 90-жылдардағыдай мажорлар дәуірі өтті, сондықтан депутаттар корпусы президентке жүгініп, ІІМ басшылығына жол қозғалысы қауіпсіздігін қатаң бақылауға алу жөнінде нақты талап қоюға дайын», – деп атап өтті депутат.
Депутат жол ережесін өрескел бұзатын адамдардың амнистияға ілігуіне қарсы екенін де ашық айтты.
Үш адамның өмірін жалмаған апат
Еске салайық, 21 наурызға Алматының Әл-Фараби даңғылында жантүршіктірер жол апаты болды. 009JET мемлекеттік нөмірі бар Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып, бетпе-бет келе жатқан Mercedes-пен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлікте отырған үш адам – 29 жастағы жүргізуші және екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Қыздардың бірі 22 жаста, екіншісі 20 жаста болған.
Жол талғамайтын көлікті басқарған ер адам ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның қабырғалары, жамбас сүйегі және оң аяғы сынғанын анықтаған.
Бұл оқиға бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Марқұмдардың жақындары Zeekr жүргізушісін заңға сәйкес жазалауды, әділ және ашық сотты талап етуде.
11:18
45
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.