Маңғыстаудағы трагедия: қаза тапқандардың бірі белгілі самбошы болған
Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында 20 жастағы Сержан Аяпберген де болған.
Сержан спортта із қалдырған
Sports24.kz мәліметінше, Сержан «Жас Батыр» спорт мектебінде тәрбиеленген. Ол республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, бірнеше мәрте жүлдемен оралған.
Турнирлердің бірінде оның командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған. Бұл нәтижеге Сержан да өз үлесін қосқан. Жаттықтырушысы Айбек Бисекеновтің айтуынша, жарыстардың біріндегі финалда Сержан жеңіске жетуге сәл ғана жетпей қалған.
Сержан самбомен қатар дзюдодан да бақ сынаған. Ақтауда өткен халықаралық жасөспірімдер турнирінде 42 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алған.
Қазақстан чемпионатының жүлдегері
Спорт мектебінің мәліметінше, Аяпберген самбодан Қазақстан чемпионатында жүлдеге іліккен. Сондай-ақ ТМД елдерінің студенттері арасындағы жарыстарда медаль иеленіп, дзюдодан ірі додаларға қатысқан.
Бұдан бөлек, 2006-2008 жылдары туған спортшылар арасындағы жасөспірімдер жарыстарында да жеңімпаз атанған.
Жарыстарға қатысып жүрген Сержан кейін мерзімді әскери қызметке аттанған.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу өтіп жатқан кезде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан бір топ әскери қызметшіні теңіз алып кетті.
Нақтыланған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиғадан кейін тергеу басталды. Қазір іс қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан немқұрайдылық, сондай-ақ кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергеліп жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.
08:47
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.